Жапония премьер-министрі: Әлемдегі ядролық қарусыздану жағдайының нашарлауына Ресей мен КХДР кінәлі

Фумио Кисида
Фото: Анадолы

АСТАНА. KAZINFORM - Әлемдегі ядролық қарусыздану жағдайының нашарлауына Ресей мен КХДР кінәлі. Бұл туралы Жапония премьер-министрі Фумио Кисида парламенттің төменгі палатасының жалпы отырысында сөйлеген сөзінде айтты, деп хабарлайды ТАСС агенттігі.

«Ядролық қарусыздану төңірегіндегі жағдай Ресей тарапынан төнетін ядролық қауіп пен Солтүстік Кореяның ядролық және зымырандық технологиясының дамуына байланысты барған сайын күрделене түсуде», - деді ол.

Кисида Жапония күш-жігерін ядролық қарусыз әлем құру жолына жұмсайды деп сендірді.

Үкімет басшысының айтуынша, бұл ретте 2022 жылы ұсынылған «Хиросима іс-қимыл жоспары» тұжырымдамасы негізге алынуы мүмкін. Онда ядролық қаруды қолданбаудың маңыздылығы көрсетілген. Тұжырымдамада сондай-ақ ядролық қаруы бар мемлекеттерден ядролық материалдарды өндірудің жай-күйі туралы ақпаратты ашып көрсету талабы да бар.

АҚШ Екінші дүниежүзілік соғыстың соңында Жапонияның тізе бүгіп берілуін тездету мақсатында Хиросима мен Нагасакиге атом бомбаларын тастады. Бұл адамзат тарихындағы ядролық қаруды жауынгерлік мақсатқа қолданудың жалғыз мысалына айналды. Хиросимадағы бомба жарылған кезде әртүрлі бағалаулар бойынша 70-100 мың, Нагасакиде - 70 мыңға жуық адам қаза тапқан. Кейіннен радиациялық аурудан, онкологиялық аурулардан және басқа аурулардан қайтыс болғандарды қоса алғанда құрбан болғандардың жалпы саны қазір 500 мыңнан асты.

«Ресейдің ядролық қаупі» бар деген батыс елдерінің болжамды мәлімдемелерін Мәскеу бірнеше рет жоққа шығарды. Ресей сыртқы істер министрлігі мұндай мәлімдемелерді екіжүзділік деп атады. РФ сыртқы істер министрі Сергей Лавров Ресей президенті Владимир Путин Батыс елдеріне қарағанда ешқашан ядролық бомбамен қорқытпағанын баса айтты.

Соңғы жаңалықтар