Жапония премьер-министрі Байденге Super Mario ойыншықтарын сыйлады

АҚШ пен Жапония
Фото: qalampir.uz

АСТАНА. KAZINFORM – Америка Құрама Штаттарында ресми сапармен жүрген Жапония премьер-министрі Фумио Кисида АҚШ президенті Джо Байденге 2024 жылдың басындағы жер сілкінісінен зардап шеккен Жапонияның Ното аймағындағы қолдан жасалған кәдесыйлар мен Nintendo Super Mario Bros. кейіпкерлері бар түрлі ойыншықтарды тарту етті. Бұл туралы Жапонияның Сыртқы істер министрлігі хабарлады. 

ТАСС агенттігінің хабарлауынша, Кисиданың атынан Америка президентіне Wajima-Nuri кофе шыныаяқтары мен жапон технологиясы бойынша жасалған жазу құралдарының жиынтығы сыйға тартылғаны атап өтілді. Жапония премьер-министрі Байденге Super Mario Bros. әлеміндегі кейіпкерлер, оның ішінде ағайынды Марио, сондай-ақ Пич ханшайымы мен Йоши динозаврларын берді. Коллекцияда сонымен қатар ыдыс-аяқ, сөмке және франшиза кейіпкерлері бар футболка бар.

Өз кезегінде Жапония үкіметі басшысының жұбайы Юко Кисида Байденге жапон зергерлері жасаған зергерлік бұйымдар жиынтығын табыстады.

Жапония премьер-министрі АҚШ-та мемлекеттік сапармен жүр. Онымен бірге Сыртқы істер министрі Ёко Камикава мен Экономика, сауда және өнеркәсіп министрі Кэн Сайто да бар. Кисида бүгін, 10 сәуірде АҚШ президенті Джо Байденмен келіссөздер өткізіп, ертең АҚШ Конгресінде сөз сөйлейді деп күтілуде. Сонымен қатар Филиппин президенті кіші Фердинанд Маркостың қатысуымен үшжақты саммит өткізу жоспарланып отыр. 

Соңғы жаңалықтар