Жапония премьер-министрі: Қорғаныс саласының шығынын өзіміз анықтаймыз
АСТАНА.KAZINFORM - Жапонияның премьер-министрі Исиба Сигэру 5 наурыз күні Сенаттың Бюджет комитетінің отырысында «Жапонияның қорғаныс шығынын өзіміз айқындаймыз, бұл өзге елдің емеурінімен шешілетін шаруа емес» деп мәлімдеді.

Бұл туралы Киодо агенттігі хабарлады.
Сондай-ақ, Министрлер кабинетінің бас хатшысы Хаяси Есимаса да баспасөз мәслихатында «Біз (қорғаныс шығынының) межелі сомасын немесе ЖІӨ-дегі үлесін алдын ала ұйғармаймыз, бастысы - қорғаныс әлеуетінің мазмұны» деп атап өтті.
Хаяси Есимаса үкіметтің 2027 жылға қарай қауіпсіздікке бөлінетін қаражаттың ЖІӨ-дегі үлесін 2%-ға дейін арттыру жоспарын іске асыруға құлшынып жатқанын, қорғаныс қабілетін түбегейлі нығайту бойынша жұмыстың дәйекті түрде жалғастырылатынын айтты.
Бұған дейін АҚШ Қорғаныс министрлігінің орынбасары қызметіне ұсынылған Элбридж Колби Жапонияның қорғаныс шығынының ЖІӨ-дегі үлесін тез арада 3%-ға дейін ұлғайтудың қажеттігін айтқан болатын.
Осыған дейін Жапония атом энергетикасы саласын қайта қарастыратыны туралы жазған едік.