Жапония премьер-министрі сайлаудағы жеңілістен кейін де қызметінде қалатынын мәлімдеді

АСТАНА. KAZINFORM – Жапонияның премьер-министрі Сигэру Исиба Парламенттің жоғарғы палатасына өткен сайлауда билік коалициясының жеңіліс табуына қарамастан, қызметінде қалатынын мәлімдеді. Бұл туралы Синьхуа агенттігі хабарлады.

 Сигэру Исиба
Фото: Синьхуа

Пресс-конференция барысында ол сайлау нәтижелерінің көңіл көншітпейтінін мойындап, бұл үшін үлкен жауапкершілік сезінетінін айтты. 

– Қазіргі ең маңызды мәселе – елдегі саяси тұралап қалуды болдырмау, – деді Исиба.

Премьердің бұл мәлімдемесі Жапонияда өмір сүру құнының өсуі мен саяси қателіктерге қатысты халық наразылығы күшейіп тұрған шақта айтылды. Сарапшылардың пікірінше, бұл факторлар билік коалициясының жеңілуіне себеп болған.

Бұл жолы жапондықтар Жоғарғы палатадағы 248 орынның 125-іне депутаттар сайлады. Дауыс беру нәтижесі бойынша Либерал-демократиялық партия (ЛДП) небәрі 39 мандат иеленсе, оның серіктесі – «Комэйто» партиясы 8 орын алды. Коалиция 50 мандатқа қол жеткізуді көздеген еді, бірақ бұл межеге жете алмады.

Қазіргі таңда коалиция Жоғарғы палатада 122 мандатқа ие, ал көпшілік болу үшін 125 орын қажет.

Сайлаудағы сәтсіздікке қарамастан, Сигэру Исиба үкіметтегі тұрақтылық пен сабақтастықты қамтамасыз ету қажеттігін атап өтіп, премьер-министр қызметін жалғастыра беретінін ресми түрде мәлімдеді.

Бұған дейін Жапонияда парламенттің жоғарғы палатасының сайлауы өткенін жаздық.