Жапония туристерге саусақ бедері арқылы ақша төлеуді ұсынуда

АСТАНА. ҚазАқпарат - Жапония билігі жазда дактилоскопиялық сканерлеуге негізделген төлем жүйесін сынақтан өткізеді. Бұл туралы The Japan News хабарлады.

Жапония туристерге саусақ бедері арқылы ақша төлеуді ұсынуда

Осылайша ел билігі Жапонияға келетін туристер санын арттырып, қаржыға қатысты қылмыс санын азайтуды көздеп отыр. Жаңа қызмет туристерге несие картасын немесе қолма-қол ақша алып жүру, валюта айырбастау секілді машақаттардан арылтады. Олар елге келген кезде, саусақ іздерін, жеке және банктің несие картасының мәліметтерін әуежайдағы арнайы дүңгіршекте тіркейді. Бұдан кейін олар дүкенге барып, тауар сатып алған соң сканерге саусағын тигізсе, экранға төленетін сома есептеп шығарылады.

Жапонияның билігі осылайша шетелдіктердің елде жүруі мен олардың тұтыну жөніндегі іс-қимылдарын қадағалай алады.

Бастапқыда жобаға туристік аудандардағы 300 қонақүй, мейрамхана және кәдесый дүкендері қатысады. Технологияны 2020 жылы Токиодағы Олимпиада ойындарына қарай толық енгізуді жоспарлап отыр.

Ай соңында жүйені токиолық Aeon Bank алғаш рет сынақтан өткізеді. Клиенттер банкоматтардан ақшаны пластик карточкаларынсыз, саусақ іздерінің көмегімен шеше алады.