Жапонияда 100 жастан асқан тұрғындар саны рекордтық деңгейге жетті

АСТАНА. KAZINFORM — Жапонияда 100 жастан асқан тұрғындар саны алғаш рет 100 мыңнан асты. Бұл туралы Kazinform агенттігі Kyodo-ға сілтеме жасап хабарлайды. 

Жапонияда 100 жастан асқан тұрғындар саны рекордтық деңгейге жетті
Фото: nippon,com

Жапонияда 100 жастан асқан тұрғындар саны 107 677 адамға жетіп, рекорд жаңартты. Бұл көрсеткіш 56 жыл қатарынан өсіп келеді.

Көп жасағандардың 87,6 пайызы — әйел. Олардың саны — 94 298 адам.

Сонымен қатар 2026 қаржы жылында 54 294 адамның 100 жасқа толатыны болжанып отыр. Бұл былтырғымен салыстырғанда 1 984 адамға көп.

— Медициналық технологиялардың дамуы көптеген адамның денсаулығын нығайтып, ұзақ өмір сүруіне жағдай жасағанына қуаныштымыз, — деді Жапонияның денсаулық сақтау министрі.

Жапонияда бала туу көрсеткішінің төмендеуі мен халықтың қартаюына байланысты әлеуметтік қамсыздандыру шығындары жыл сайын артып келеді. Бұл ел экономикасына түсетін салмақты күшейтіп отыр.

Көп жасаған тұрғындар туралы дерек алғаш 1963 жылы жинақтала бастағанда, олардың саны небәрі 153 адамды құраған еді. Ал 1970 жылы бұл көрсеткіш 310 адамға жетіп, содан бері жыл сайын өсіп келеді. 1981 жылы 1 мыңнан, 1998 жылы 10 мыңнан, ал 2012 жылы 50 мыңнан асты.

2025 жылы Жапонияда әйелдердің орташа өмір сүру ұзақтығы 87,33 жыл, ал ерлердікі 81,35 жыл болды.

Бұған дейін Жапония халқының саны 42 жылда алғаш рет 120 миллионнан төмендегенін хабарлаған болатынбыз.

Ақзат Жиеналина