Жапонияда A/H1N1/ жаңа тұмауын жұқтырғандардың саны 300 адамнан асты
ТОКИО. Мамырдың 22-сі. ҚазАқпарат - Жапония A/H1N1/ жаңа тұмауын жұқтырғандардың саны 300-ден асып отыр.
Тұмауратқандардың тізімін бүгін елдің Хонсю аралындағы Хиого префектурасының тағы үш тұрғыны толықтырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат ИТАР-ТАСС агенттігіне сілтеме жасап. Елдің Денсаулық сақтау, еңбек және әл-ауқат министрлігінің ресми мәліметтері бойынша, Жапонияда жаңа тұмаумен жалпы есеппен 302 адам ауырып жатыр. Олардың көпшілігі ? мектеп жасындағы балалар. Осы себепті тұмаудан көбірек зардап шеккен Осака және Хиого префектураларындағы мектептер мен басқа да оқу орындарының басшылығы сабақтарды тоқтатып, карантин енгізу туралы шешімдер қабылдады. Вирус Жапонияның 7 префектурасында тіркеліп отыр. Вирустың салдарынан қайтыс болу оқиғалары әзірге тіркелмеген.