Жапонияда әрбір екінші әке бала күтіміне байланысты демалыс алады
АСТАНА. KAZINFORM — Жапонияда алғаш рет ер азаматтардың жартысынан астамы бала күтіміне байланысты демалысты пайдаланған. 2025 қаржы жылында олардың үлесі 50,9%-ға жетті, деп хабарлайды Kyodo.
Жапонияның Денсаулық сақтау, еңбек және әл-ауқат министрлігінің мәліметінше, бұл көрсеткіш алдыңғы жылмен салыстырғанда 10,4 пайыздық тармаққа өсіп, осымен 13 жыл қатарынан артып отыр.
Өсім үкіметтің әкелерді бала күтіміне байланысты демалыс алуға ынталандыру шараларының нәтижесі саналады. Атап айтқанда, әкелер үшін босанғаннан кейінгі бала күтіміне арналған демалыс бағдарламасы қолжетімді бола түсті.
Ер адамдар арасында ең жиі таңдалған демалыс мерзімі — бір айдан үш айға дейін (30,3%). Ал әйелдердің басым бөлігі (31,4%) 12 айдан 18 айға дейінгі мерзімге бала күтіміне байланысты демалыс алған.
Жапония үкіметі 2030 жылға қарай әкелердің бала күтіміне байланысты демалыс алу деңгейін 85%-ға жеткізуді мақсат етіп отыр.
Бұған дейін Жапонияда 2025 жылы туу көрсеткіші тарихи ең төменгі деңгейге түскені хабарланған болатын.
Сондай-ақ Қазақстанда әкелердің декреттік демалыста болған кезеңі зейнетақы тағайындау кезінде еңбек өтіліне есептелетіні туралы жазған едік.
Ал Қазақстанда ер азаматтарға бала күтіміне байланысты демалысты қалай рәсімдеуге болатыны және жұмыс беруші бас тартқан жағдайда не істеу керектігі туралы материалымыздан біле аласыз.