Жапонияда аюдың адамға шабуылы көбейгендіктен оларды қайта санау басталды
АСТАНА. KAZINFORM – Жапонияның Қоршаған орта министрлігі маусым айында елдің солтүстік-шығысындағы Тохоку өңірі мен оған іргелес аумақтардағы аюлар санын қайта есептеуді бастайды, деп хабарлайды Kyodo News агенттігі.
Тау аймақтарына шамамен 800 фототұзақ орнатылады.
Камералар мен өзге де бақылау тәсілдері Тохокудағы Аомори, Акита, Иватэ, Ямагата, Мияги және Фукусима префектураларындағы, сондай-ақ көршілес Ниигата префектурасындағы қара аюлардың санын анықтауға мүмкіндік береді. Зерттеу нәтижелері келесі жылдың басында жарияланады деп жоспарланып отыр.
Мұндай санақ жүргізуге адамдарға жасалған аю шабуылдарының күрт көбеюі себеп болған. 2026 жылғы наурызға дейінгі бір жыл ішінде рекордтық көрсеткіш тіркеліп, 238 адам зардап шеккен немесе қаза тапқан.
Аюларға қарсы шаралар жөніндегі министрлер кеңесінде ұсынылған мәліметке сәйкес, сәуір айында Тохоку өңірінде былтырғы осы кезеңмен салыстырғанда аюлар көбірек байқалған.
Елдің өзге өңірлерін зерттеу 2027 қаржы жылына жоспарланған.
Қоңыр аюлар мекендейтін солтүстік Хоккайдо аралында билік жануарлардың жүнін жинау әдісін қолданбақ. Сондай-ақ Сикоку аралындағы аз санды қара аю популяциясын зерттеу көзделген.
Ал көршілес Кюсю аралында зерттеу жүргізілмейді, өйткені ол жерде аюлар жойылып кеткен деп есептеледі.
Жапония үкіметінің мәліметінше, қазіргі уақытта Тохоку өңірінде 19 мыңнан астам қара аю, ал Хоккайдода шамамен 11 600 қоңыр аю бар.
Еске сала кетсек, былтыр Жапония әскері аюлармен күресуге көмектесіп жатқанын жаздық. Себебі олардың адам талап өлтіру оқиғасы жиілеп кеткен.
Ал жақында Жоңғар Алатауында қоңыр аю күтпеген қылық жасағанын жаздық.