Жапонияда бес адамды бауыздаған күдікті ұсталды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Полиция Жапонияның батысында бес егде адамның өліміне күдіктіні қолға түсірді.
AFP хабарлауынша, келеңсіз оқиға Авадзи аралындағы Сумото қаласында орын алды. Белгісіз біреу 60-80 жас аралығындағы бес қарт адамды бауыздаған. Олардың ес-түзсіз жағдайда жатқан үшеуі госпитальға жеткізілген. Бірақ көп ұзамай көз жұмды.
Полиция бұл қылмысқа байланысты ажал құшқандардың көршісі - 40 жастағы Тацухико Хираноға күдік келтіріп отыр.
Алдын ала болжамға қарағанда, ол "хикикомори" - оқшаулануға тырысатындар тобына жатады.