Жапонияда екі өлім жазасы іске асырылды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Жапонияда қылмыскерлерге қатысты екі өлім жазасы іске асырылды. Куодо агенттігінің бүгін хабарлауынша, тиісті өкімге әділет министрі Иваки Мицухидэ қол қойған, деп хабарлады ТАСС.
Бірінші қылмыскер Ясутоси Камата 1985-1994 жылдар аралығында бес адамды, соның ішінде, Осака қаласында 9 жасар қызды өлтірген. Екінші үкім 56 жастағы әйел Дзюнко Есидаға қатысты болды. Ол 1998-1999 жылдары 67 млн иен (593 мың доллар) сақтандыру төлемдерін иелену үшін өз құрбыларының төрт күйеулерін өлтірген.
Жапонияда соңғы өлім жазасы өткен жылғы желтоқсанда орындалған болатын.
Елде билікке премьер-министр Синдзо Абэ бастаған үкімет келгеннен кейін 16 қылмыскер ажал құшты. 120-дан астам адам өлім жазасын күтіп отыр. Жапон заңнамасына сәйкес бұл үшін әділет министрінің тікелей өкімі қажет.