Жапонияда «Лан» тайфунынан 49 адам зардап шегіп, 90 мың адам жарықсыз қалды

ТОКИО. ҚазАқпарат – Жапонияның ең үлкен және халық саны тығыз орналасқан аралы Хонсюде «Лан» тайфунынан 49 адам зардап шекті, деп хабарлайды ҚазАқпарат Kyodo-ға сілтеме жасап.

Жапонияда «Лан» тайфунынан 49 адам зардап шегіп, 90 мың адам жарықсыз қалды
Фото: Kyodo

Жапонияның орталық бөлігінде қатты нөсерден Токио мен Хаката стансаларының арасындағы жүрдек пойыз қозғалысы тоқтатылды. Нагоя мен Окаяма стансалары арасындағы қозғалыс сейсенбі күні тоқтады.

Өрт пен табиғи апатпен күрес агенттігінің мәліметінше, елдің сегіз префектурасында ауа райы қолайсыздығынан 49 адам зардап шекті.

Еске салайық, сейсенбі күні таңертең Жапонияның батысындағы Кий түбегіне «Лан» тайфуны келді. Тотториде жолдар жабылып, екі көпірдің құлауынан 1200 тұрғын «тұзақта» қалып қойды.

Метеорологиялық агенттік мәліметінше, эпицентрінде атмосфералық қысым 990 гектопаскальға жетіп, жел жылдамдығы сағатына 108 шақырымға жеткен. 900 әуе рейсі тоқтатылды, деп хабарлайды Reuters.

Жапонияның орталығындағы кейбір жерлерде 24 сағатта 585 мм жауын-шашын жауған. 11 префектура тұрғындары үшін уақытша баспана жасалды. Коммуналдық қызмет мәліметінше, елдің орталығы мен батыс аудандарында 90 мың адам жарықсыз қалған.

Өткен аптада Жапонияның оңтүстік-батысынан «Ханун» тайфуны өткен болатын.