Жапонияда мыңдаған отбасы қалың жауған қардан үйлерінен шыға алмай қалды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Жапонияда сенбіге қараған түні бірнеше мыңдаған отбасы қар құрсауының салдарынан өз үйлеріне қамалып қалды. Бұл туралы дүйсенбі күні Жапонияның БАҚ хабарлады.
Сидзуока префектурасындағы Ояма кентінде өз үйлерінде 3000 адам қамалып қалған. Көмекке шақырылған қорғаныс бөлімдерінің күшімен жолды тазарту жұмыстары жүргізілуде. Алайда кентке қазір тек арнайы көлік қана жете алады. 1200-ге жуық адам Яманаси префектурасындағы Хаякава кентінен шыға алмай қалған.
«Санкэй» газетінің хабарлауынша, Гумма префектурасында Наммоку таулы кентінде тұрып жатқан 1130 отбасының сыртпен байланысы үзілген. Ауылда сенбіден бері электр жарығы да жоқ. Токио мегаполисінің құрамына енетін екі елді мекенде шамамен 1300 адам қар құрсауының салдарынан үйлерінен шыға алмай қалған. Жексенбі күні олар арнайы қызметтен көмек сұраған. Жолды қардан тазарту жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Қардың көп түсуінен Жапонияның тас жолдарында, атап айтқанда, Нагано префектурасында 900 автокөлік жолда тұрып қалған.
Осы демалыс күндері Жапонияға тағы да қар қалың түсті. Токиода жауған қардың қалыңдығы - 27 сантиметр, Яманаси префектурасының басты қаласы - ел астанасынан бастысқа қарай 130 шақырым жерде орналасқан Кофуде - 114 сантиметр, Токиодан солтүстік-шығысқа қарай орналасқан Фукусимода - 36 сантиметр, Сендайда - 29 сантиметр қар жауған. Сенбі күні мектептерде сабақ болған жоқ.
«Иомиури» газетінің мәліметтері бойынша, Жапонияның 29 префектурасында қардың қалың түсуінен 17 адам мерт болған, 1550 адам түрлі деңгейдегі жарақат алған.
Бұл апта ішінде қар екінші рет көп жауып отыр. Өткен демалыс күндері Жапония астанасының аймағында қар көп жауып, оның салдарынан 13 адам құрбан болған. Зардап шеккендер саны 1,7 мыңнан асты. Кейбір аудандардағы қар қалыңдығының биіктігі соңғы 45 жылдағы рекордтық көрсеткішке - 27 сантиметрге дейін жеткен.