Жапонияда нақты жалақы екінші жыл қатарынан төмендеп жатыр

ТОКИО. KAZINFORM — Жапониядағы нақты жалақы 2023 жылы 2,5%-ға төмендеді, бұған инфляция өсімі себеп болды. Бұл ретте үй шаруашылығының шығындары соңғы үш жылда алғаш рет қысқарды, деп хабарлайды Kyodo News.  

жапония
Фото: Pixabay

Бұл — елде жалақының 2014 жылдан бері (ол кезде 2,8%-ға төмендеген) ең күрт төмендеуі болды.

Бұл жағдай ел премьер-министрі Фумио Кисиданың баға өсімінің орнын өтей алатын жалақыны көтеру туралы бірнеше рет үндеу салғанына қарамастан болып отыр.  

Жапонияның денсаулық сақтау, еңбек және әлеуметтік қамтамасыз ету министрлігінің алдын ала есебінше, атаулы жалақы айына 1,2% өсіп, 329 859 иен (2200 доллар) болды.

Нақты жалақының төмендеуі тіпті ірі жапондық компаниялар айлықты өткен жылы орта есеппен 3,99% арттырса да жалғасып жатыр. 

«Қолайлы экономикалық циклдің арқасында адамдардың өмірін жақсарту үшін нақты жалақы көтерілуі керек. Біз жалақының көтерілуі аймақтық аудандарға, шағын және орта бизнеске таралатындай серпін жасауға тырысамыз», — деді Еңбек министрі Кейдзо Такеми.

Сондай-ақ, елдегі үй шаруашылығының орташа шығындары 2023 жылы өткен жылмен салыстырғанда 2,6%-ға төмендеді, бұған адамдар бағаның өсуі жағдайында білімге, азық-түлікке және тұрмыстық тауарларға жұмсалатын шығындарды қысқартуы себеп болған.

Соңғы жаңалықтар