Жапонияда пайыздық мөлшерлеме 31 жылдық рекордқа жетті
АСТАНА. KAZINFORM — Жапонияның орталық банкі 18 қыркүйек, жұма күні негізгі пайыздық мөлшерлемені 1%-дан 1,25%-ға дейін көтерді. Бұл – соңғы 31 жылдағы ең жоғары көрсеткіш. Бұл туралы Euronews жазды.
Euronews мәліметінше, Жапония банкі ондаған жыл бойы нөлге жуық немесе одан да төмен деңгейде ұсталып келген аса төмен пайыздық мөлшерлемелерден біртіндеп бас тартып, ақша-несие саясатын қалыпқа келтіруге тырысып жатыр. Бұған дейін төмен мөлшерлемелер несие алуды ынталандыру, тұтынушылық сұранысты арттыру, дефляциямен күресу және ел экономикасын ұзаққа созылған тоқыраудан шығару мақсатында қолданылған.
Алайда қазір инфляциялық қысым күшейіп отыр. Бұған мұнай бағасының соңғы айларда күрт қымбаттауына себеп болған Ирандағы соғыс та әсер етуде. Табиғи ресурстары шектеулі және мұнайды іс жүзінде толықтай импорттайтын Жапония үшін бұл елеулі экономикалық тәуекел болып отыр.
Мөлшерлемені көтеру туралы шешім ақша-несие саясаты жөніндегі кеңестің екі күндік отырысының қорытындысы бойынша қабылданды. Бұл қадам нарық қатысушылары үшін күтпеген жағдай болған жоқ және оның ықпалы әлемдік нарық бағаларына алдын ала едәуір дәрежеде енгізілген.
Жапонияның шешімі АҚШ Федералдық резерв жүйесінің (ФРЖ) осы аптадағы қадамынан кейін қабылданды. Сәрсенбі күні ФРЖ 2023 жылдан бері алғаш рет базалық пайыздық мөлшерлемені көтеріп, тұрақты жоғары деңгейде қалып отырған инфляцияны тежеуге бағытталған шараларды күшейтті.
АҚШ тарапы да иенаның әлсіреуіне байланысты Жапонияны пайыздық мөлшерлемені көтеруге шақырып келеді. Сарапшылардың бағалауынша, Жапония банкі жыл соңына дейін немесе келесі жылдың басында мөлшерлемені тағы да көтеруі мүмкін.
Жақында екі елдің билігі иенаны қолдау мақсатында бірлескен валюталық интервенция жүргізді. Қазір АҚШ доллары шамамен 155 иен деңгейінде саудаланып жатыр. Ал жыл басында доллар бағамы 160 иеннен асқан еді.
Жапония банкі инфляцияның жылдық деңгейін шамамен 2% шамасында ұстауды көздейді. Қазір елдегі инфляция осы мақсатты көрсеткішке жуықтап отыр. Дегенмен көптеген тұтынушы бағаның тым қатты өскеніне шағымдануда. Әсіресе бензин мен мұнай өнімдеріне байланысты тауарлар бағасының қымбаттауы халыққа салмақ түсіріп отыр.
Жапония банкі мөлшерлемені көтеру туралы шешімін жариялағаннан кейін Токио қор биржасының негізгі Nikkei 225 индексі өсті.
Айта кетейік, жақында Жапонияның үкімет құрамында ауыс-түйіс болады.