Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Жапонияда «Робот және өмір» тақырыбында құлтемірлер көрмесі өтті

АСТАНА. ҚазАқпарат - Күншығыс елінің өнертапқыштары жаңа туындыларын көпшілікке таныстырды. Жапония астанасы Токиода «Робот және өмір» тақырыбында құлтемірлер көрмесі өтті, деп хабарлады www.24.kz.

Жапонияда «Робот және өмір» тақырыбында құлтемірлер көрмесі өтті

Мұндағы құлтемірдің кейбірі күнделікті тұрмыста адамға көмекші болса, енді бірі бүлдіршіннің көңілін аулайды. Арасында келбеті де, қимылы да кәдімгі тірі адамға ұқсайтындары бар. Токиодағы «Алдыңғы қатарлы ғылым және инновация» ұлттық мұражайына келгендер Альтер есімді құлтемірді көріп қайран қалды. Құрастырушылар оның түрі мен қимыл әрекетін адамға барынша ұқсатуға тырысқан. Ол 42 қозғалтқыштың көмегімен қимылдайды және электронды жүйесі қоршаған ортаны сезінуге бейімделген.

 «Біз өмір және одан алынатын энергияны толықтай зерттеп білген жоқпыз. Дегенмен, Альтерге адамға тиесілі қасиеттерді қондыра алған болсақ, осының өзі адамзат тарихындағы адамға ұқсап сезіне алатын алғашқы құлтемір болмақ», - дейді құлтемір құрастырушы инженер Хироси Исигуро.

Көрмеде адамға көмекші болуға әзір тұрған құлтемірдің түр-түрі бар. Құрастырушылар адам өмірін жеңілдету үшін қолдан келгеннің бәрін жасаған. Келушілердің де қалауы сан түрлі.

 «Мен құлтемірлердің күнделікті тұрмыста адамға тамақ ішуге, әрі-бері жүріп-тұруға және жуынуына көмекші болғанын қалар едім», - деген пікір қосты 70 жастағы көрме қонағы Киохей Матсюи.

Telenoide компаниясы ойлап тапқан құлтемір адамның жүзіндегі эмоция мен дауыс ырғағын бірден сезеді. Құрастырушы оның келбетін жасау өте қиын болғанын айтады.

 «Telenoide құлтемірінің негізгі ерекшелігі - бетінде. Адам оған сөйлеген кезде жүзінде байқалған эмоцияға қарап робот өзгереді. Бұл сіздің алдыңызда нағыз адам тұрғандай әсер қалдырады», - деді Telenoide компаниясының өкілі  Тасуку Ямаоа

Құлтемірлер көрмені тамашалауға келгендердің бәрінің көңілінен шықты. Әсіресе олармен ойнаған балалар мәз-майрам.