Жапонияда толассыз жауған жаңбыр жеті адамның өмірін қиды
АСТАНА. KAZINFORM — Жапонияның Исикава префектурасында рекордтық көлемде жаңбыр жауып, жеті адам қаза тапты. Екі тұрғын із-түзсіз жоғалып кеткен, тағы төртеуімен байланысу мүмкін болмай жатыр. Бұл туралы NHK телеарнасы хабарлады.
Елдегі көшкін салдарынан 10 жұмысшының Накая туннелінде қалып, екеуінің қаза тапқаны атап өтілді.
Сондай-ақ, көшкін мен өзен тасқынынан кейін қираған тұрғын үйдің астынан зардап шеккендер табылды.
Телеарнаның хабарлауынша, табиғи апаттан негізінен Ното ауылы, Вадзима және Судзу қалалары зардап шеккен.
Сондай-ақ олар ағымдағы жылдың 1 қаңтарында болған күшті жер сілкінісінен ең көп зардап шеккен елді мекендер. 21-22 қыркүйекте Исикава префектурасының жеті қаласы мен елді мекенінде 131 400 адам эвакуацияланған.
Вадзима мен Судзу қалаларында 21 қыркүйекте рекордтық жауын-шашын тіркелді. Атап айтқанда, бір тәулікте Вадзимада 300 мм, Судзуда 200 мм жауын жауған. Бұл — 1975 жылдан бері байқалған ең жоғары көрсеткіш.