Жапонияда Утамароның із-түзсіз жоғалған құнды туындысы табылды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Жапонияда КитагаваУтамароның жоғалғанына көп болған баршаға әйгілі ұлттық классикалық картинасы табылды. Құнды туынды таяуда жұртшылық назарына ұсынылмақ.
Бұл шығарманың кезінде еуропалық импрессионистерге әсері мол болған. Картина соңғы рет көпшілікке 1948 жылы көрсетілген, артынша із-түссіз жоғалды. Алайда, ол осыншама жылдар бойы көне заттар сатылатын дүкендердің бірінің қоймасында жатқан, деп хабарлайды ИТАР-ТАСС.
Утамаро ерекше өрнек-нақыштарымен танымал болған, алғаш рет астаналық Ёсивара ойын-сауық кварталындағы сұлу гейшаның портретімен атағы шыққан. Ал табылған картина көлемі жағынан өте ауқымды. Ұзындығы - 3,4 метр, биіктігі - екі метр. Картинада бақшадағы алғашқы жауған қарды тамашалап тұрған, ашық түсті кимоно киген тал мүсінді 27 қылықты әйелдің суреті бейнеленген.
Сарапшылардың пайымынша, суретші туындыны өмірінің соңында, яғни 1806 жылы салған болуы керек.