Жапонияда ұзақ жасағандардың 90 пайызы - әйелдер
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Жапонияда ұлттық мереке - Аға ұрпаққа құрмет көрсету күні. Осы мерекеге орай ел өзінің ұзақ ғұмыр кешкен қарияларына қошемет көрсетеді және қызықты статистикасын жпариялайды, деп хабарлады moya-planeta.ru.
Ел халқының 25,9 пайызы немесе 33 млн.-ға жуық адам - 65 жастан асқан қариялар. Жапонияның әрбір сегізінші тұрғыны 75 жастан асқан: бұл халықтың 12,5 пайызы немесе 15,9 млн. адам. Бұл көрсеткіш 1950 жылдан бері жүргізіліп келе жатқан статистика тарихындағы рекордтық көрсеткіш. Ең қызығы - жасы 100-ден асқан адамдар 1963 жылы небәрі 153 адам болса, қазір олардың қатары 58 820 адамға жеткен. Әр жыл сайын ұзақ өмір сүретін адамдар саны 3000-4000 адамға көбейіп отыр.
Өмір ұзақтығы да өсіп келеді. Биылғы жылы Жапонияда ерлердің өмір сүруінің орташа ұзақтығы 80 жастан асып, 80,21 жылға жетсе, әйелдер жасының ұзақтығы 0,2 жылға артып, 86,61 жасты құрады. Жер үстіндегі ең қарт адамдар да жапондықтар: олар - 111 жастағы Сакари Момои және 116 жастағы Мисао Окава, олардың есімдері Гиннестің рекордтар кітабына енген.
Денсаулық сақтау, еңбек қорғау және әлеуметтік қамсыздандыру министрлігі ұсынған мәліметтер бойынша, елдегі ұзақ жасаушылардың басым бөлігі - әйелдер. Олар ғасырдан ұзақ жасағандар арасында 90 пайызды құрайды. Жапония кейуаналар елі деп айтуға болады, ал балалар өте аз: халықтың 13 пайызы ғана 15 жасқа дейінгілер.
Жапондықтардың өмір жасының үнемі өсіп отыруын министрлік шенеуніктері медицина дамуының жоғары деңгейімен және қарт адамдарға жасалып отырған жақсы тұрмыс жағдайларымен байланыстырады.