Жапониядағы Фута есімді қызыл панда Гиннестің рекордтар кітабына енді
АСТАНА. KAZINFORM – Жапониядағы танымал Фута есімді қызыл панда қамауда өмір сүретін әлемдегі ең кәрі қызыл панда ретінде Гиннестің рекордтар кітабына енді, деп хабарлайды JIJI Press агенттігі.
Сейсенбі күні оның жасы 23 жыл 135 күнге жеткен. Осы оқиғаға орай Жапонияның шығысындағы Тиба қаласында орналасқан Тиба зоологиялық саябағында арнайы салтанатты рәсім өтті. Фута осы хайуанаттар бағында тіршілік етеді.
Панда 2003 жылғы 5 шілдеде Жапонияның орталық бөлігіндегі Сидзуока префектурасының Нихондайра хайуанаттар бағында дүниеге келген. Келесі жылы Тиба зоологиялық саябағына ауыстырылған.
Фута 2005 жылдар шамасында екі аяғымен тік тұратын сүйкімді әдетінің арқасында бүкіл елге танылды. Тіпті теледидар жарнамасына да түскен.
Мамандардың бағалауынша, оның жасы адам жасымен есептегенде 100 жылдан асады. Хайуанаттар бағының мәліметінше, қазір көру қабілеті нашарлап, екі аяғымен тұра алмайды. Соған қарамастан тәбеті жақсы, жалпы жағдайы тұрақты.
Футаның көптеген ұрпағы бар. Олардың арасында бесінші буынға жататын бес панда да бар.
Айта кетейік, бұған дейін Қызыл кітапқа енген Қаратау арқарының саны 2 мыңға жуықтағанын жаздық.
Сондай-ақ Қазақстан киіктерін сақтау тәжірибесі Нью-Йоркте таныстырылғаны хабарланды.