Жапониядағы шетелдіктер саны рекордтық 4,28 миллион адамға жетті
АСТАНА. KAZINFORM- 2026 жылғы маусымның соңында Жапонияда тұратын шетелдіктер саны рекордтық 4,28 миллион адамға жетті. Олар ел халқының 3,4%-ын құрайды. Мұндай деректерді Жапония үкіметі 16 қазанда жариялады, деп хабарлайды Kyodo.
2025 жылдың соңымен салыстырғанда, Жапонияда тұратын шетелдіктер саны шамамен 155 мың адамға өскен. Сонымен қатар виза талаптарының қатаңдатылуы кейбір санаттар бойынша елге келушілер санының азаюына әкелді.
Атап айтқанда, 2026 жылдың бірінші жартыжылдығында Жапонияға бизнесті басқаруға арналған визамен алғаш рет 635 адам келген. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 80,9%-ға аз. Жапонияның Иммиграциялық қызмет агенттігінің мәліметінше, мұндай төмендеу өткен жылдың қазан айында күшіне енген талаптардың қатаңдатылуына байланысты.
Сол кезде Жапония мұндай виза алу үшін қажетті ең төменгі капитал мөлшерін 5 миллион иеннен 30 миллион иенге (шамамен 190 мың доллар) дейін көтерді. Бұдан бөлек, премьер-министр Санаэ Такаити үкіметі шетелдіктерге қатысты жалпы саясат аясында тұру мәртебесін рәсімдеу алымдарын арттырып, тұрақты тұруға рұқсат алу талаптарын қатаңдатты.
Шетелдік тұрғындардың ең үлкен тобын тұрақты резиденттер құрайды. Олардың саны — 961 342 адам. 2025 жылдың соңымен салыстырғанда бұл көрсеткіш 1,5%-ға өскен.
Екінші орында инженерлер, гуманитарлық сала мамандары және аудармашыларды қоса алғанда, халықаралық қызметтер саласында жұмыс істейтін мамандар тұр. Бұл санаттағы адамдар саны 8,5%-ға артып, 516 184 адамға жетті. Шетелдік студенттер саны 3,2%-ға өсіп, 479 626 адамды құрады.
Жапонияда арнайы дағдылары бар 444 256 жұмысшы да тұрады. Олар елде алдын ала оқудан өтпей-ақ жұмысқа кірісе алады. Олардың арасында екінші санаттағы жоғары білікті мамандар саны ерекше қарқынмен өсіп келеді: өткен жылдың соңынан бері бұл көрсеткіш екі еседен астам артып, 18 295 адамға жетті.
Жапониядағы барлық шетелдік тұрғындардың жартысын Қытай, Вьетнам және Оңтүстік Корея азаматтары құрайды. Олар саны бойынша осы ретпен орналасқан. 2025 жылдың соңымен салыстырғанда Мьянмадан келген тұрғындар саны 15,9%-ға, Индонезиядан келгендер 15,6%-ға өскен.
2026 жылдың бірінші жартыжылдығында Жапонияға туристерді қоса алғанда, 21,4 миллионнан астам шетелдік барған. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда шамамен 71 мың адамға көп. Сонымен бірге елге алғаш рет кіргендердің саны 0,1%-ға азайып, шамамен 19,71 миллион адамды құрады. Бұған екіжақты қарым-қатынастың нашарлауына байланысты Қытайдан келушілер санының азаюы себептердің бірі болды.
1 шілдедегі жағдай бойынша Жапонияда 65 229 шетелдік заңсыз жүрген. Бұл жарты жыл бұрынғы көрсеткіштен 4,8%-ға аз. Олардың арасында ең көп таралған топты Таиланд азаматтары құрады — 10 260 адам. Одан кейін Вьетнам мен Оңтүстік Корея азаматтары тұр.
Бұған дейін Жапония халқы бес жылда 3,17 миллион адамға азайғанын жаздық.