Жапониядағы Қазақстан азаматтарының өмірі мен денсаулықтарына ешқандай қауіп жоқ - ҚР СІМ
АСТАНА. 12 наурыз. ҚазАқпарат - "Қазақстанның Жапониядағы Елшілігінің ақпараты бойынша, консулдық есепте тұрған барлық дерлік қазақстандық азаматтар - 95 адам апат аумағынан тыс жерде тұрады.
Отандастарымыздың көпшілігімен байланыс орнатылды және олардың өмірі мен денсаулықтарына ешқандай қауіптің жоқ екендігі анықталды", - деп хабарлады сыртқы саясат ведомствосының баспасөз қызметінен.
Жапония үкіметі мен құтқару қызметтері апат болған аумақтан - Хонсю аралының солтүстік-шығыс жағалауынан адамдарды қауіпсіз жерге көшіріп жатыр. Жапон өкіметінің ақпараты бойынша, шет мемлекеттердің үкіметтері шетелдік азаматтарды көшіру туралы мәселені әзірге көтермеген.
ҚР Сыртқы істер министрлігінде туыстары хабарласа алмай отырған Жапониядағы қазақстандықтар туралы деректер жинау үшін «жедел желі» телефоны ашылып отыр. Телефон нөмірі: 8 71 72 72 04 37.