Жапониядағы қазақстандықтарды елге қайтару мақсатында ТУ-154 ұшағы аттанып кетті
АНА. 14 наурыз. ҚазАқпарат - ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметі бүгін таңертең Жапониядағы қазақстандықтарды елге қайтару мақсатында ТУ-154 ұшағының аттанып кеткендігін қуаттады.
Ұшақ бортында жедел көмек көрсету үшін Медициналық апат орталығының білікті 2 дәрігері де бар. Сондай-ақ ұшақ қажетті аузсумен және азық-түлікпен жабдықталған.
Ал ҚР Сыртқы істер министрлігінің баспасөз хатшысы Ілияс Омаровтың атап өтуінше, еліміздің Жапониядағы Елшілігі адамдардың тізімін анықтау жұмысымен айналысуда. Қазіргі уақытта қанша адамды елге қайтару жоспарланып отырғандығы белгісіз.
Естеріңізге сала кетейік, 11 наурызда Жапонияда жойқын жер сілкінісі болды. Қазіргі уақытта аталған елде консулдық есепке алынған 95 қазақстандық бар. Жерасты дүмпулері Токиода сезіліп, ғимараттардың ішінде жиһаздар құлап, терезе шынылары зақымданған. Жер сілкінісінің қуаты 8,9 балды құраған. Ал зілзала ошағы 10 шақырым тереңдікте орналасқан. Жапон үкіметі 2 мың адамның қаза тапқандығын хабарлап отыр. Бұған дейін олар табиғат апаты салдарынан қаза тапқандардың саны 10 мыңға жетуі мүмкін екендігін хабарлаған болатын.