Жапониядағы радиацияның Қазақстан үшін қауіп-қатері жоқ-Н. Әшім
АСТАНА. 29 наурыз. ҚазАқпарат /Руслан Ғаббасов/ - Жапониядағы радиацияның Қазақстан үшін қауіп-қатері жоқ. Бұл жайында бүгін Үкімет отырысынан кейінгі брифингте ҚР Қоршаған ортаны қорғау министрі Нұрғали Әшім айтты.
«Қазақстан үшін қауіп-қатер жоқ. Біз аталған цунамиден және Тынық мұхитынан алшақ орналасқанбыз»,-деді ведомство басшысы.
Министрдің сөзіне қарағанда еліміздің атмосферасында ешқандай да өзгерістер байқалмаған. Атап айтақанда «Қазгидромет» РМК ресейлік, жапониялық, сондай-ақ оңтүстіккореялық әріптестерінен аталған мәселе бойынша ұдайы мәлімет алып отырады.
Н. Әшімнің айтуынша, Жапониядан елімізге азық-түлік өнімдері тасымалданбайды. Жалпы бұл елден негізінен жабдықтар мен автокөліктер Ресей немесе Қытай арқылы тасымалданады. Сондықтан бұл өнімдер елімізге жеткізілер алдында Ресейдің немесе Қытайдың, сондай-ақ Қазақстанның шекарасында екі мәрте тексерілетін көрінеді.