Жапониядан Қазақстанның 69 және Қырғызстанның 16 азаматы Алматыға жеткізілді
АСТАНА. 15 наурыз. ҚазАқпарат - Бүгін таңертеңгі сағат 8-де бортында Жапониядан елге қайтарылған 85 азамат бар ҚР ТЖМ-нің Ту-154 ұшағы Алматы әуежайына қонды.
Бұл туралы ҚазАқпарат тілшісіне ҚР Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Асқар Әбдірахманов мәлім етті.
«Бортта 85 адам болды, оның 16-сы Қырғызстан азаматы», - деді ресми өкіл. Оның атап өтуінше, сондай-ақ елге қайтарылған азаматтардың арасында 12 бала бар.
Бұдан бұрын хабарлағанымыздай, ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметі кеше таңертең Жапониядағы қазақстандықтарды елге қайтару мақсатында ТУ-154 ұшағының аттанып кеткендігін қуаттаған еді. Ұшақ бортында жедел көмек көрсету үшін Медициналық апат орталығының білікті 2 дәрігері де болды. Сондай-ақ ұшақ қажетті ауызсумен және азық-түлікпен жабдықталды.
Ал ҚР Сыртқы істер министрлігінің баспасөз хатшысы Ілияс Омаровтың атап өтуінше, еліміздің Жапониядағы Елшілігі адамдардың тізімін анықтау жұмысымен айналысуда.
Естеріңізге сала кетейік, 11 наурызда Жапонияда жойқын жер сілкінісі болды. Қазіргі уақытта аталған елде 95 қазақстандық консулдық есепке алынған. Жерасты дүмпулері Токиода сезіліп, ғимараттардың ішінде жиһаздар құлап, терезе шынылары зақымданған. Жер сілкінісінің қуаты 8,9 балды құраған. Ал зілзала ошағы 10 шақырым тереңдікте орналасқан.
Кеше, 14 ақпанда Жапония өкімет орындары жойқын жер сілкінісі мен одан кейінгі болған цунами салдарынан 5 мың адамның қаза тапқандығын қуаттады. Алайда бұл санның артуы да мүмкін екендігін айту керек, - деп хабарлайды РБК агенттігі.
Жоғарыда айтылған тізімге кеше түнде мәйіттері Мияги жағалауында табылған 2000 адам, сонымен қатар Сендай қаласында қаза тапқан 300 адам кіреді.
Билік мыңдаған адамдар із-түссіз жоғалғандар қатарында екендігін айтуда. Мысалға, Минамисанирику қаласында сол жерде тұратын 9000 халықтың тағдыры әлі белгісіз.
Бұрынырақ кем дегенде осы қалада тұратын 1000 адамның опат болғандығы туралы айтылған еді.
Табиғат апатынан зардап шеккен барлық аудандарда құтқару операциялары жалғасып жатыр. Жапонияға шет елдерден көмек келуде, Ресей, Франция, АҚШ, Ұлыбритания елдері өз құтқарушыларын жіберген. Қытай, тіпті Ауғанстан елі көмек қолын созуға дайын екендіктерін жеткізген.
ҚР СІМ баспасөз қызметінің мәліметінше, 11 наурыз күні Жапонияны шарпыған сұрапыл табиғи апатқа байланысты, Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Күншығыс елінің халқына көңіл айту жеделхатын жолдады. Қазақстан осыншама қасіретті кезеңде достас жапон халқына жан-жақты жәрдем беруге, оның ішінде гуманитарлық көмек, құтқарушылар мен өзге де қажетті мамандарды жіберу арқылы қол ұшын беруге дайын екендігін білдірді. Бүгінгі таңда жапон тарабы көмектің нақты мөлшері мен түрін айқындауда.
Токиодағы Қазақстан Елшілігі тәулік бойы жұмыс істеп, Жапония аумағында тұрақты және уақытша тұратын отандастарымыздың орналасқан жерлерін анықтауда. Қазіргі кезде зардап шеккендердің қатарында қазақстандықтар жоқ.