Жапонияға тайфун жақындап қалды: 103 әуе рейсі тоқтатылды

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бүгін Жапонияда елдің орталық және шығыс аудандарына аса күшті «Факсай» дауылының жақындап қалуына байланысты жүзден астам ішкі рейстер шегеріліп, пойыздардың, оның ішінде жүрдек пойыздардың қозғалысы азайтылды, деп хабарлайды NHK телеарнасы.

Жапонияға тайфун жақындап қалды: 103  әуе рейсі тоқтатылды

Елдің Бас метеорологиялық агенттігінің деректеріне қарағанда, тап қазіргі уақытта «Факсай» тайфуны Хатидзё аралының батыс жағында 140 шақырым жерде. Ол солтүстік батыстан сағатына 30 шақырым жылдамдықпен жылжып келеді. Теңіздегі толқынның биіктігі 10 метрге жетуі мүмкін.

Ауа райының қолайсыздығына байланысты Токионың Ханэда әуежайын елдің өзге аудандарымен байланыстыратын 103 ішкі әуе рейсі кейінге қалдырылды. Сондай-ақ, кешкі мезгілде Токио мен Осака қаласы арасында қатынайтын 50 жүрдек пойыз тоқтатылды.

Тайфун Токиоға дүйсенбіге қараған түні жетеді деп күтілуде.