Жапониялық компания Медеу мен Шымбұлақты сел мен қар көшкінінен қорғау жобасын ұсынды
АЛМАТЫ. Маусымның 10-ы. ҚазАқпарат /Ербол Азанбек/ - Жапониияның әлемге әйгілі «Tokyo ROPE MFG. CO. LTD» компаниясы Медеу мен Шымбұлақ спорт кешендерін сел мен қар көшкінінен қорғау құрылғысының құрылысын жүргізуге ниет білдіріп отыр. Бұл туралы бүгін Алматыда өткен баспасөз мәслихатында жапондық компания басшылары мәлім етті,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.Жапондық компанияның президенті Шигето Танаканың айтуынша, аспалы темір негізінде жасалатын құрылыс жұмысының бүгінде көрсетілімдік нұсқасы дайындалып, сынақтан өткізілген. «Егер тиісті орындар қызығушылық танытса, біз бұл жобаны жүзеге асыруға дайынбыз», -дейді Шигето Танака.Бұл компания жол қауіпсіздігімен байланысты өнімдерді, жартастарды бекітуге арналған, сондай-ақ қар көшкінінен сақтау құрылғыларын, дыбысты азайту, өзендердің қаупін азайту, құрылысқа арналған темір бұйымдарын өндіруші ретінде танымал.Компания президентінің айтуынша, олар Ресейдің Владивосток пен Сочи қалаларындағы спорт базаларын жасақтаған. «ТМД аумағында Қазақстанда ғана өз өкілдігімізді ашып отырмыз. Өйткені ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жүргізіп отырған саясаты жүрегімізге жақын. Мұнда бізге бизнесті дамытуға, ірі жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік бар», дейді Шигето Танака. Ол сондай-ақ Қысқы Азия ойындарының құрылыс жұмыстарына да атсалысуға дайын екендіктерін атап өтті.