Жаппай қырылған киіктерден пастереллез ауруының қоздырғышы табылған

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Үкімет үйінде ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаев бетпақдала киіктер популяциясының жаппай қырылу жағдайына қатысты ұсыныстарды қарастыру үшін жұмыс тобының отырысын өткізді, деп хабарлайды ҚР Премьер-министрінің баспасөз қызметінен.

Жаппай қырылған киіктерден пастереллез ауруының қоздырғышы табылған

Отырысқа бірқатар министрліктердің, әкімдіктердің, ғылыми ұйымдардың, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері мен тәуелсіз сарапшылар қатысты. Ағымдағы жылдың 2 маусымындағы жағдай бойынша бетпақдала популяциясында 132 329 киік, соның ішінде Қостанай облысында -113 309, Ақмола облысында - 9 386, Ақтөбе облысында - 9 634 киік қырылды. Жануарлардың тағы қырылу оқиғалары әзірге тіркелмеді. Киіктердің өлі денелері табылған жерлерде мамандандырылған зертханалар мен ғылыми ұйымдардың мамандары зертханалық және ғылыми зерттеулер үшін қырылған жануарлардың патологиялық материалдарын, жер топырағын, су, өсімдіктер сынамаларын алды. Ветеринария бойынша Ұлттық референтті орталықтың ақпаратынша, олардан пастереллез ауруының қоздырғышы табылған. Шетелдік сарапшылар келесі аптада өз зерттеулерінің алдын-ала нәтижелерін ұсынуды жоспарлап отыр. Өз кезегінде Инвестиция және даму министрлігінің Аэроғарыш комитеті бөкендердің қырылуы зымыран-ғарыштық қызметке байланысты болуы мүмкін емес екендігіне деректер келтірді, өйткені киіктер қырылған аумақтарда зымыран отыны қалдықтарымен зымыран тасығыштың бөліктері құлаған емес. Отырыс нәтижесі бойынша Бақытжан Сағынтаев Ауыл шаруашылығы министрлігіне әкімдіктермен бірлесіп, жағдайға мониторинг жүргізуді, қырылған жануарларды жою бойынша жұмыстарды жалғастыруды, ғылыми мақсатта пайдаланғанды қоспағанда, Қазақстанның барлық аумағында киіктерді аулауға салынған тыйымды ұзарту туралы шешім дайындауды тапсырды. Білім және ғылым министрлігіне киіктер популяциясына жерсеріктік мониторинг жүргізу, экспедициялық топқа бетпақдалада аталған жануарлардың қыстайтын, төлдейтін орындарындағы, жазғы жайлауындағы суды, ауаны, топырақты, өсімдіктерді зерттеуді ұйымдастыруды тапсырды. Бұдан басқа, биологиялық қауіпсіздік проблемалары ҒЗИ базасында киіктердің ауруларын зерделеу, оның алдын алу және емдеу әдістерін әзірлеу жөніндегі орталық (тәлімбақ) құру мәселесін қарауды тапсырды. Жұмыс тобы апта ішінде Үкіметтің одан әрі қарауы үшін өз ұсыныстарын пысықтайды.