Жаппай наразылық шеруі: Португалияның 30 қаласында баспана дауы өршіді
АСТАНА. KAZINFORM – Португалияның 30-дан астам қаласында жылжымайтын мүлік пен жалдау ақысының қымбаттауына қарсы жаппай наразылық акциялары өтті. Мыңдаған тұрғын үкіметтен баспананың қолжетімділігін қамтамасыз ету шараларын қабылдауды талап етті, деп хабарлайды Euronews.
«Олар біздің бұл жерде тұру құқығымызды тартып ала алмайды» деген ұранмен өткен акцияға қатысушылар жалдау ақысын шектеуді, әлеуметтік тұрғын үй қорын кеңейтуді және тұрғындарды үйден шығарудан қорғауды күшейтуді талап етті.
Наразылыққа үкіметтің жаңа заң жобасы да себеп болды. Ол жалға алушыларды үйден шығару мерзімін үш айдан екі айға дейін қысқартуды, баға шектеулерін алып тастауды және бастапқы төлем мөлшерін арттыруға мүмкіндік беруді көздейді.
Билік бұл өзгерістер жалға берілетін тұрғын үй нарығына көбірек меншік иесін тартуға және ұсынысты арттыруға мүмкіндік береді деп есептейді. Ал қоғамдық ұйымдар дағдарыс одан әрі ушығуы мүмкін екенін ескертеді.
Мәліметтерге сәйкес, 2015-2025 жылдары Португалияда жылжымайтын мүлік бағасы 147 пайызға өскен. Бұл – Еуропадағы үшінші көрсеткіш. Одан жоғары өсім Мажарстан мен Литвада тіркелген. Ал 2020 жылдан бері жалдау ақысы 68 пайызға қымбаттаған.
Әсіресе Лиссабонда жағдай күрделі. Deutsche Bank зерттеу институтының бағалауынша, жергілікті үй шаруашылықтарында жалдау ақысын төлегеннен кейін айына орта есеппен 253 еуро ғана қалады.
Сарапшылар бағаның өсуіне шетелдік инвестициялардың көбеюі, туризмнің дамуы және қысқа мерзімді жалға беру қызметінің кең таралуы әсер етіп отырғанын айтады.
Мәселені шешу үшін үкімет құрылыс саласын ынталандырып, 145 мың жаңа тұрғын үй салуды жоспарлап отыр. Алайда бұл шаралардың нақты нәтижесі бірден байқалмайды.
Айта кетейік, бұған дейін Барселонада баспананың қымбаттауына қарсы наразылықтан кейін жаппай тәртіпсіздік болған еді.