Жаппай тәртіпсіздік: Қарағандылықтар қаза тапқан 2 жауынгерді ақтық сапарға шығарып салды

ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - Бүгін Талдықорған мен Қызылордада болған тәртіпсіздіктер кезінде қызметтік борышын өтеп, қаза тапқан екі сарбазды туған-туыстары мен жақындары соңғы сапарға шығарып салды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жаппай тәртіпсіздік: Қарағандылықтар қаза тапқан 2 жауынгерді ақтық сапарға шығарып салды

2022 жылдың 8 қаңтарында Қарағанды облысы Бұқар жырау ауылында (Қарағандыдан 50 шақырым қашықтықта) Қызылорда қаласындағы тәртіпсіздіктер кезінде қауіпсіздікті қамтамасыз ету кезінде қаза тапқан қатардағы жауынгер Қайсаров Мадияр Оразалыұлын әскери құрметпен жерлеу рәсімі өтті.

2022 жылдың 5 қаңтарында қатардағы жауынгер М.Қайсаров қызмет еткен жедел бөлімше Қызылорда қаласында қоғамдық тәртіпті қалпына келтіру бойынша жауынгерлік тапсырманы орындады.

Қарсыласу сәттерінің бірінде наразылық білдірушілер ұрланған жүк көліктерін бөлімшенің жауынгерлік жасағына қарай жөнелткен.

Қатардағы жауынгер Мадияр Қайсаров абдырап қалмай, батылдық пен табандылық танытып, әріптестерін ығыстырып, жүк көлігінің дөңгелегі астына түсіп, ауыр жарақат алды. Жас сарбаз өз өмірін қиып, халықтың тыныштығы мен амандығы үшін берілген тапсырманы ерлікпен орындады.

Марқұмды жерлеу рәсіміне Парламент Мәжілісінің депутаты Бақытбек Смағұл, Ұлттық ұлан «Орталық» өңірлік қолбасшылығының қолбасшылығы, Қарағанды облысы әкімдігі мен ҚМДБ өкілдері, дін қызметкерлері қатысты.

Мадияр Қайсаров 2002 жылы 29 қаңтарда дүниеге келген, Қарағанды облысы ӘҚБ Ұлттық ұлан қатарына шақырылған. Әскери борышын 5547 (Қызылорда қаласы) әскери бөлімінде ҰБК күзет взводының арнайы өңдеу бөлімінің маманы (дегазатор) болып өтеген.

Оның есімі Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының ерлік шежіресіне мәңгілікке жазылады.

Марқұм болған екінші гвардияшы Айбат Амановты да бүгін жерлеу рәсімі өтті. Онымен қоштасу Қарағанды облысының Жаңаарқа кентінде өтті.