Жаппай вакцинация: Атырауда екпе салатын 22 пункт демалыссыз жұмыс істеп тұр

АТЫРАУ. ҚазАқпарат - 3 сәуірден бастап облыс халқына коронавирусқа қарсы екпе салына бастады. Облыстағы 22 егу пункті демалыссыз жұмыс істейді, деп хабарлайды ҚазАқпарат облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Жаппай вакцинация: Атырауда екпе салатын 22 пункт демалыссыз жұмыс істеп тұр

Бұл туралы Атырау облысының коммуникациялар қызметінде өткен брифингте денсаулық сақтау басқармасының басшысы Асхан Байдуәлиев мәлім етті.

Спикердің айтуынша, 3 сәуірден бастап Атырау облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің 2021 жылғы 2 сәуірдегі № 24-27-03/346 хатына сәйкес «Спутник V» вакцинасы халықты жаппай вакциналау үшін пайдаланылады.

Қала, аудан тұрғындары, кәсіпорындарда вахталық әдіспен жұмыс істейтін және басқа да санаттағы адамдар кіреді.

- Барлық егу пунктері демалыссыз жұмыс істейтін болады. Вакцинаны тіркелген жері бойынша емханадан 18 жастан асқан адамдар ала алады, - деп түсіндірді Асхан Байдуәлиев.

Естеріңізге сала кетейік, биылғы жылдың 2 сәуірінде аймаққа 3 600 доза вакцина келді, олар облыстың 22 егу пунктіне таратылды.

1 ақпан мен 2 сәуір аралығында Атырау облысына 3 600 доза вакцина жеткізіліп, 3 598 адам егілді.

Оның ішінде 42 мемлекеттік қызметші, 1611 медицина қызметкері, 1413 педагог, 486 полиция қызметкері, 46 өзге адамдар вакцинацияланды.