«Жар-Жарда» тағы да той!

АСТАНА. 15 маусым. ҚазАқпарат. «Жетінші арнаның» «Жар-Жар» жобасы өз атын толығымен ақтауда. Бағдарламаның эфирдегі бес айында төрт үйлену тойы тойланды: Жобаның баспасөз қызметінің хабарлауынша, мұндай көрсеткішке кез-келген "жеңгетай" жете алмайды.

«Жар-Жарда» тағы да той!

Әлібек пен Айнұр бағдарлама түсірілімінде танысып, екеуінің бір-бірі үшін жаралғандарын бірден аңғарды. Сымбатты Айнұр аруымыз болашақ жары Әлібектің жүрегін жаулап қана қоймай, жас жігітті қолдау үшін бағдарламаға еріп келген Әлібектің анасының көңілінен де шыға білді. «Әлібектің анасының сөзін тыңдағанына, осы бағдарламаға анасымен келгеніне риза болдым. Айнұр өте тәрбиелі, ашық мінезді қыз»- деп өз оймен бөлісті бағдарлама жүргізушісі Данагүл Темірсұлтанова. Әлібектің айтуы бойынша, Айнұр бір көргеннен оның көңілінен шыққан, бағдарлама соңында «күйеу жігіттің» көңілінен шыққан «қалыңдыққа» ұсынатын гүл шоғын Айнұрға ұсынатынын алғашқы сәттен ақ білген. Бағдарламадан кейін жастар бір-бірімен кездесіп жүрді, алайда Әлібек ата салтына сай Айнұрды алып қашуды жөн санаған, нәтижесінде ағымдағы жылдың 4 маусымында жастар үйлену тойларын атап өтті.

«Жар-Жар» бағдарламасының телеарналардағы «тележеңгетай» қатарындағы шоулардан ерекшелігі, оның заманауи қоғамда ұмытылып бара жатқан салт-дәстүрлерге құрмет жайында баяндауында. Сондықтан да алғашқы жетістік- бағдарлама арқылы қосылған алғашқы жұптың тойлары қазақтың барлық салт-дәстүрлерін сақтай отырып тойланып, бағдарлама авторлары үшін орасан зор мейрамға ұласты. Тазабек Сәмбетбай мен Кәмшат Жақсылыққызының үйлену тойлары Наурыз мейрамы қарсаңында тойланып, осы тойға шақырылған көп қонақпен қатар басты сыйлы қонақ ретінде жастар өмірінде елеулі орын алған «Жар-Жар» телевизиялық жобасының ұйымдастырушылары да шақырылды. Бағдарлама жүргізушісі Данагүл Темірсұлтанова: «Осылайша біздің бағдарлама арқылы бір-бірін тауып жатқан жұптарды көрген сайын өзім жар тапқандай қуанышқа бөленемін. Бағдарламамыздың берік, әрі ұзақ мерзімді қарым-қатынас құруға көмектесетіндігіне сенімдімін. Жас жұбайларға ұзақ, әрі бақытты ғұмыр тілеймін, ал өмір серігін таппағандарға «Жар-Жар» бағдарламасына қош келіңіздер демекпіз»- деп ағынан жарылды.

«Жар-Жар» бағдарламасының «Үйлену той марафоны» жалғасуда: бағдарламаның түсірілім алаңында «шырақталған» келесі үйлену тойы ағымдағы жылдың шілде айында атап өтілмек. «Жетінші арна» бұл жетістіктермен шектелмеуге бел буды: 1 шілдеден бастап арнаның ресми сайтына «Жар-Жар» бағдарламасы арқылы жұптасқан жас жұбайлардың фото суреттері орналастырылады. Көрермен өзіне ұнаған жұпқа дауыс бере алады, ал жеңімпаз жұпқа «отбасылық бақытқа» қосымша сыйлық ретінде әлемнің үздік шипажайының біріне жолдама ұсынылады. Дауыс беру 1- шілде мен 24- шілде аралығында жүргізіледі, 25- шілдеде дауыс беру қорытындысы жарияланады, ал тамыз айында бақытты жұбайлар отбасылық өмірлеріндегі алғашқы саяхатқа аттанады.