Жарақатым ел айтқандай аса қауіпті деңгейде емес – Әбиба Әбужақынова
АСТАНА. KAZINFORM – Барған жарысынан жүлдесіз қайтпайтын қазақтың қайсар қызы Әбиба Әбужақынова осыдан тура бір апта бұрын Әзербайжан астанасы Бакуде дзюдодан Grand Slam турнирінде тағы да ел қоржынына жүлде сыйлаған болатын. Алайда, кешелі-бері кейбір БАҚ өкілдері мен әлеуметтік желілерде «Әбибаның былтыр алған жарақаты әлі жазылмаған. Оған, тіпті, операция жасау керек екен» деген әңгімелер желдей есіп кетті. Осыған орай KAZINFORM тілшісі спортшының өзіне арнайы қоңырау шалып, істің анық-қанығын білді.

- Әбиба, сізді Бакуде өткен турнирдегі жеңісіңізбен құттықтаймыз!
- Рахмет. Алайда, ол бір кереметтей жетістік емес. Негізі алтын алуым керек еді. Бакудегі жетістігіме де, Португалиядағы жетістігіме де өзімнің көңілім толған жоқ. Сол жарыстарда қателіктерге бой алдырдым. Артынан күрестерімді қайта қарап, анализ жасап, қай жерден қандай олқылықтарға бой алдырғанымды зерттеп, сол қателіктермен жұмыс істеп жатырмын.
- Енді Ташкентте алтынға таласуға мүмкіндік бар ма?
- Әрине. Бұйырса, алтынға таласамын.

- Кейінгі кезде әлеуметтік желілерде, сондай-ақ кейбір интернет басылымдарында сіздің денсаулығыңыз туралы көп айтылып кетті. «Әбибаның былтыр алған жарақаты әлі жазылмаған. Оған, тіпті, операция жасау керек екен» деген әңгімелер желдей есіп жүр. Сіз бұл ақпаратты қаншалықты растайсыз?
- Мен жарысқа мүлде жарамай қалған жоқпын. Өткенде бір журналиске берген сұхбатымда аздап иығым ауыратынын айтқаным рас. Бірақ, ол менің сөздерімді бұрмалап, «Әбибаға иығына операция жасату керек» деп жазып жіберіпті. Егер, менің иығым сол журналист айтқандай аса қиын деңгейде болса, онда жарыстарға қатысудан бас тартар едім ғой. Менде ғана емес, спортпен кәсіби түрде айналысып жүрген барлық әріптесімде кішігірім жарақаттар бар. Ондай кезде таңып не буып алып, жарысқа шығамыз, күресеміз. Қазір менің иығымдағы жарақатым 20 пайыз емделуді қажет етеді. 80 пайыз күресуге дайынмын.

- Дзюдошылардың денсаулығын қадағалауға әр жарысқа дәрігерлер бірге бара ма?
- Осыған дейінгі жарыстарда бізбен бірге жарыстарға дәрігерлер бармады. Осы жолы Ташкентте өтетін турнирге бізбен бірге ілесіп келді.
- Париж Олимпиадасы алдында спортшыларға барлық жағдайды жасауды мақсат етіп, арнайы «дайындық штабы» құрылған еді. Штап сіздерге Олимпиадаға алаңсыз жаттығуға қандай мүмкіндіктер жасап жатыр?
- Әзірге өз басым дайындық штабының айырықша қамқорлығын сезіне қойған жоқпын. Жалпы құрамадағы қыздармен бірге ортақ оқу-жаттығу жиындарын өткізудеміз.
- Әңгімеңізге рахмет!