Жарақаттайтын қару түрлері айналымнан алынып, қызметтік қару қатарына жатқызылады
Құжат бойынша қолданыстағы үш кодекске және он заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізіледі. Мәселен, «Жекелеген қару түрлерінің айналымына мемелкеттік бақылау жасау туралы» заңға өзгерту қарастырылған. Ол бойынша жарақаттайтын қаруды азаматтық айналымнан алу және оны қызметтік қарудың қатарына ауыстыру көзделеді. Бұдан бөлек, құқық қорғау органдары қызметкерлерін әлеуметтік қолдау шаралары да көзделеді.
«Атап айтқанда, «Құқық қорғау қызметі туралы» заңға өзгерістер енгізіледі. Бұл ретте құқық қорғау органдары қызметкерлеріне қызметтен босатылған уақытта (кедендік қызметті қоспағанда) еңбек сіңірген күнтізбелік жылдарының санына байланысты біржолғы жәрдемақы төлеу бойынша шәкілді белгілеу қарастырылып отыр. Әскери қызметте болудың шекті жасына толғаннан кейін, денсаулық жағдайына немесе штаттарды қысқартуға байланысты еңбек сіңірген жылдары үшін зейнетақы төлемін алу құқығынан айырылған офицерлік құрам қызметкерлеріне жұмыстан шығу жәрдемақыларын төлеумен қатар, қызметтен босатылған күннен бастап бір жыл бойы арнайы әскери атақ бойынша жалақылары төленетін болады», - деді сенатор Ермек Жұмабаев.