Жаратқан маған осы сынақтың бәрінен лайықты өте алатындай күш-жігер мен денсаулық сыйлапты - Н. Назарбаев

АСТАНА. 29 желтоқсан. ҚазАқпарат - Қазір маған жеңіл, өйткені, үлкен тәжірибе иесімін, көп нәрсені ә дегенде-ақ қағып алып жатасың. Бұл туралы Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев қазақстандық БАҚ-қа берген сұхбатында мәлім етті.

Жаратқан маған осы сынақтың бәрінен лайықты өте алатындай күш-жігер мен денсаулық сыйлапты - Н. Назарбаев

«Маған құжаттың алғашқы бетіне көз жүгіртсем жеткілікті, әрі қарай не айтылатынын айнытпай білемін. Бірақ, алғашқы жылдары осы жолда күндіз-түні жұмыс істеуге тура келді. Тәуелсіздігіміздің 21 жылында басымыздан не өтпеді, қандай қиындықтарды еңсермедік! Осының бәрі мен арқылы, менің жүрегім арқылы өтті», - дей келіп, кәсіпорындардың тоқтап, зейнетақы, еңбекақы төлейтін ақша болмай, жұмыссыздық өскен кездерді есіне алды.

«Дүкендерде нан, шұжық болмады. Қарапайым нәрсенің өзі жоқ болды. Уақыт сондай болатын. Жұмысқа бара жатқан кезімде, әжелер жолымды бөгейтін. Парламент, депутаттар біздің не істеп жатқанымызды, жекешелендірудің, нарықтық экономиканың, жаңа қаржы жүйесінің не екенін түсінбеді. Менің күні бойы Парламентте отырып, заңның әр бабы бойынша сөз сөйлеуіме, содан кейін жұмысқа барып, президент болып түнгі сағат екіге дейін жұмыс істеуіме тура келді. Осының бәрі де бастан өтті. Қазір соңыма қарайлап ойласам - шын мәнінде Жаратқан маған осы сынақтың бәрінен лайықты өте алатындай күш-жігер мен денсаулық сыйлапты», - деп ойын түйді Президент.