Жарылғапов турнирі: Чемпиондар анықталды

Қарағандыда бокстан белгілі қоғам қайраткері, елімізге еңбек сіңірген жаттықтырушы Ғалым Жарылғаповты еске түсіруге арналған XXXIX халықаралық турнирде топ жарған боксшылар белгілі болды, деп хабарлайды Кazinform.

бокс
Фото: instagram.com/qaz_olympics

17 желтоқсан күні жалауы желбіреген доданың бүгін кіл мықтылары толығымен анықталды.

Атап айтсақ, ерлер арасында 48 келі салмақта Теміртас Жүсіповке тең келер ешкім болған жоқ.

51 келі салмақта чемпиондық белдік кубалық боксшыға бұйырды. Финалда шымкенттік Рысхан Тәліппен жұдырықтасқан Жиовис Салфран қазақ ұланынан айласын асырып кетті.

54 келі келі салмақта қарағандылық Карим Серкебаев өзінің теңдессіз екенін дәлелдесе, 57 келі салмақ санатында Оразбек Асылқұлов топ жарды. Ал 60 келіде Талғат Сырымбетов көш бастады.

бокс
Фото: instagram.com/qaz_olympics

63,5 келі салмақ санатында финалда ақмолалық боксшы Мұхаммедәлі Сыдық кубалық Эрисландиға жол берді. 67 келі салмақта да кубалық боксшының жұлдызы жанды. Түркістандық боксшымыз Әбдіғалым Әбдікәрім шешушы сында Жайро Рамирестан айласын асыра алмады.

71 келі салмақта Сабыржан Аққалықов қарсылас шақ келтірген жоқ. 75 келі салмақта Марокодан келген боксшы Ясин Еловарз жеңіске жетті. Ол финалда астаналық Бақберген Әлиасқаровты ұтып кетті.

80 келі салмақта кубалық Жож Мануеэл Сото жерлесіміз Бекболат Әбдікерімнен айласын асырды. 86 келіде Алматы облысының өкілі Еркебұлан Әкімбай чемпион атанса, 92 келі салмақта Сағындық Тоғамбайға тең келер ешкім болмады. Ал аса ауыр салмақта тағы бір жерлесіміз Аманат Сабырғали топ жарды.

Әйелдер арасында 50 келі салмақта бас жүлдені Назым Қызайбай еншілесе, 54 келіде 1- орынды - Әнел Сақыш жеңіп алды. 57 келіде чемпиондық атаққа жерлесіміз Рано Пархатовамен таласқан марокколық Видад Бертал жетті.

бокс
Фото: instagram.com/qaz_olympics

60 келі салмақта бас жүлдені Римма Волосенко иеленсе, 66 келінің алтын жүлдесін түркиялық боксшы Сурменали Бусеназ қанжығасына байлады.

Әйелдер арасындағы ауыр салмақта (75 келі) астаналық боксшы Валентина Хальзова чемпион атанды.

Айта кетейік, Ғалым Жарылғапов 1939 жылдың 22 желтоқсанында дүниеге келген. Спортты серік еткен тұлға қазақ боксының нағыз жанашыры болған. Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген бапкері мен спорт шебері атақтарына қол жеткізген. Кейін былғары қолғабын шешкеннен кейін де шаршы алаңның айналасынан алыстай алмаған.

Бапкерліктен бастап, облыстық туризм және спорт комитетінің басшысы дәрежесіне дейін көтерілген. 1984 жылы Ташкентте КСРО халықтарының спартакиадасы ұйымдастырылып, оған Қазақстанның өкілі ретінде Ғалым Жарылғапов та қатысқан. Сол жарыста білікті бапкер жекпе-жекте шаршы алаңның жанында қазақ боксшыларына жанкүйер болып отырғанда жүрегі ұстап, көз жұмған.

Ал екі жылдан кейін, яғни 1986 жылы ұлы Нұрғазы Жарылғапов алғаш рет осы турнирді өткізуді қолға алған. Содан бері дода дәстүрлі түрде жыл сайын ұйымдастырылып келеді. Биыл XXXIX мәрте өтті.

Естеріңізге сала кетейік, осыған дейін финалға кімдердің шыққанын жазған болатынбыз.