Жарылу қаупі бар аневризма: Астанада жүкті әйелге ота жасалды

АСТАНА. KAZINFORM – Елордадағы Ұлттық нейрохирургия орталығының дәрігерлері жүкті әйелді жарылу қаупі бар аневризмадан құтқарды. Бұл туралы елорда әкімдігінің ресми сайты «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Астана қаласы бойынша филиалына сілтеме жасап хабарлады.

Жүкті әйелге ота жасалды
Фото: Астана қаласының әкімдігі

«Бұл реттегі жағдайдың күрделілігі, жүктіліктің 20-аптасында нейрохирургиялық ота жасау бойынша шұғыл түрде шешім қабылдау қажет болды. Қуаныштысы, ота сәтті өтті, кез келген сәтте жарылуы мүмкін «бомба» залалсыздандырылды. Нейрохирургтар жүргізілген жұмыстың нәтижесі ойдағыдай екенін айтты», - деп хабарлайды «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Астана филиалы.

24 жастағы Алматы қаласының тұрғынын осы жылдың ақпан айынан бас ауруы мазалай бастаған. Бір айдан кейін тіпті көру қабілеті нашарлап, оң қабағының төмен түскенін байқайды. Сөйтіп, ол медициналық көмек алу үшін офтальмолог пен неврологқа жүгінген. 

Бас ауруы күшейе бастаған соң миды МРТ-ге түсіру ұсынылды. МРТ-да мидың оң жағындағы артқы артериясының үлкен аневризмасы анықталды, көлемі ұлғайғандықтан жанындағы жүйке құрылымдарын қысып, кез келген уақытта жарылып кету қаупін тудырды. Бұл реттегі жағдайдың күрделілігі, жүктіліктің жиырмасыншы аптасында нейрохирургиялық ота жасау бойынша шұғыл түрде шешім қабылдау қажет болды. 

Алматы және Астана қалалары нейрохирургтерінің бірлескен талқылауынан кейін санитариялық авиация желісі бойынша пациент жедел емдеу үшін Ұлттық нейрохирургия орталығына жеткізілді. 

Ұлттық нейрохирургия орталығына жатқызған кезде науқасты Ана мен бала ұлттық ғылыми орталығының анестезиологтары мен акушер-гинекологтары да тексеруге дайын болды. Хирургиялық араласу мен аталған аурудың қауіптілігіне қарамастан ота жасау және жүктілікті сақтап қалу туралы шешім қабылданды. 

Қуаныштысы, ота сәтті өтіп, кез келген сәтте жарылуы мүмкін «бомба» залалсыздандырылды. Нейрохирургтер жүргізілген жұмыстың нәтижесі ойдағыдай екенін айтты. Науқасты емдеуге анестезиолог-реаниматологтар мен акушер-гинекологтар да белсенді қатысты. Отадан кейін, науқасқа қосымша зерттеулер жүргізген акушер-гинекологтар қайта қарап, тексеруден өткізді. Жатырдағы шарана мен жүктілік барысында ешқандай патологиялар анықталған жоқ. Қазір болашақ ананың денсаулығы жақсы және үйіне шығуға дайындалып жатыр. 

Ми тамырларының аневризмасына ота жасау мамандардың жоғары біліктілігін және заманауи медициналық жабдықты қажет ететін ең күрделі хирургиялық араласулардың бірі саналады. Отаны Тамырлы және функционалды нейрохирургия бөлімшесінің меңгерушісі Ербол Махамбетов пен нейрохирург дәрігер Нұртай Нұрақай жүргізді.

Ота науқасқа тегін, яғни, МӘМС аясында квота арқылы жасалды. Мұндай отаның құны шетел азаматтары үшін ақылы негізде шамамен 5 млн теңге болар еді.

Атап өтейік, бұл Ұлттық нейрохирургия орталығының дәрігерлері ота жасап, жүктілік кезінде пациенттердің өмірін сақтап қалған бірінші жағдай емес.