«Жария» журналистер клубы жастардың саяси белсенділігі мәселесін талқылады

АСТАНА. 25 ақпан. ҚазАқпарат /Арман Асқаров/ - Бүгін Астанада жаңадан құрылған «Жария» журналистер клубының алғашқы отырысында жастардың саяси белсенділігі мәселесі талқыланды.

«Жария» журналистер клубы жастардың саяси белсенділігі мәселесін талқылады

Клуб мүшесі Гүлмира Тәжмағамбетованың сөзіне қарағанда, бүгінде Алматы, Астана және тағы басқа ірі қалалардағы жастардың саяси белсенділігі ерекше байқалады Басқа облыс орталықтарында бұл көрсеткіш өспесе де, төмендеп жатқан жоқ. «Дегенмен, жастардың саяси белсенділігі мәселесін тыс қалдырмау қажет. Себебі статистика мәліметтері көрсетіп отырғандай, 2005 жылы өткен президенттік сайлауға жастардың тек 23,2 пайызы ғана қатысып, өздерінің азаматтық борыштарын орындады. Меніңше, жастардың елдегі саяси үдерістерге қатыспай жатудың бірнеше себебі бар. Біріншіден, кейбір жастар мемлекеттегі саяси үдерістерге атүсті қарап, өздерінің қосар үлестерін сезбей жатады. Екіншіден, олар елдің саяси өмірінен толыққанды хабардар болмайды, сондықтан нақты шешімдерін жасай алмайды. Сол себепті жастар сайлау науқанына қызықпай, өздерінің саяси белсенділіктерін танытпай отырады», - дейді Г.Тәжмағамбетова.

Сондай-ақ Г.Тәжмағамбетова атап көрсеткендей, еліміздегі қоғамдық ұйымдар жастардың әлеуметтік рөлін арттырып қана қоймай, олардың саяси белсенділігін көтеруге көмектесіп келеді. 2004 жылы елімізде 180-ге жастар ұйымдары болса, қазіргі кезде олардың саны 700-ге дейін жетті. «Осы ұйымдардың барлығы жұмыс істемесе де, бұл жастардың саяси белсенділігінің көтерілгендігін көрсетсе керек», - дейді ол.