Жаркент өңірінде жүгері алқабын қайта жаңғырту керек - Қ. Сұлтанов

АСТАНА. 9 қазан. ҚазАқпарат - Жаркент өңірінде жүгері алқабын қайта жаңғырту керек. Бүгін Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында Үкімет басшысының атына сауал жолдаған депутат Қуаныш Сұлтанов осылай мәлімдеді.
None
None

«Қазақстанның Қытаймен шекарасындағы оңтүстік-шығыс қақпасы саналатын Ұлы Жібек Жолының тарихи шежірелі қойнауы, Алматы облысы Жаркент өңірінің жері шұрайлы, егістік, көкөніс, бау-бақшасын суаруға суы жеткілікті, қысы жұмсақ, жанға азық, малға жайлы. Осындай тұрмысқа қолайлы өлке өткен ғасырдың 20-30 жылдарында Қазақстанда болған алапат ашаршылық тұсында еліміздің орталық, солтүстік, батыс өңірлерінен жан сауғалап келген мыңдаған бауырларымызды ашаршылық аранынан сақтап қалды. Сондықтан да, бұл ауданда қазақ жерінің төрт бұрышынан келген ұлтымыздың ұрпағы, толып жатқан этностардың өкілдері тұрады. Жаркент жеріне көршілес Қытай шаруалары да ежелден бері көз тігіп, қызығумен келеді. Ал өңірдің бірден бір ерекшелігі - Қазақстанның басқа облыстарында өсе бермейтін, өссе де ашық күн мен суға байланысты осы жердегідей өнім бере алмайтын адамға да, малға да азықтық қуаты бар, дәрумендік құрамы сан алуан, дүние жүзінде стратегиялық дақыл саналатын жүгеріге қолайлы», - деді депутат. Оның айтуынша, өткен ғасырда Панфилов ауданы жүгері тұқымын Қазақстанның барлық солтүстік облыстарына, Ресейге, Шығыс Еуропа елдеріне экспортқа шығарып, мал азығының сапасын көтеріп тұрған. Осыған орай, Қ. Сұлтанов Үкіметтің мал басын асылдандыру, экспортқа ет шығару бағытында бағдарлама жариялап жатқанын тілге тиек етіп, бұл ретте ең алдымен азық тапшылығын еңсеру қажеттілігін атап өтті. «Өткен қыста қаншама мал азық тапшылығынан қырылды. Тұрақты, қоректі мал азығының базасын жасамай ешқандай мал бордақылау жүзеге аспайтыны түсінікті болса керек. Еліміздің барлық кинотеатрлары мен демалыс орындарында балаларымыз Қытайдан, Түркиядан, басқа алыс шетелдерден келген «поп-корн» секілді жүгері өнімдерін жегеніне мәз. Осыған байланысты, Алматы облысы, Панфилов ауданындағы жүгері шаруашылығын қайта қалпына келтіру, аудандағы суармалы жерлерді толық игеру туралы бастаманы қолдауды сұраймыз», - деді Үкімет басшысының атына жолдаған сауалында депутат Қ. Сұлтанов.

Бұл ретте депутат жүгері алқабын, оның өнімін, тұқымдық дәнді субсидиялаудың көлемін қайта қарап, жүгерішілерді ынтыландыруды жолға қою қажеттігін алға тартты. «Жаркент қаласындағы жаңа технологиямен іске қосылған крахмал-сірне зауыты қазірдің өзінде жүгері дәнінен 26 түрлі өнім шығарып, 400-ден астам адамға жұмыс беріп тұр. Сондықтан зауытқа қолдау көрсетіп 50 мың тонна жүгері сатып алуға квота беріп, тұқымдық қор жасауды ұйымдастыру қажет. Сонымен қатар, жүгері жинау кезінде жанар-жағар май алуға қолдау көрсетілсе игі. Аудандардағы суармалы арналарды, қырмандарды жүгері дәнін сақтайтын арнайы орынарды жөндеуден өткізіп, қалпына келтіру қажет. Жүгері алқаптарын минералды тыңайтқыштармен, қажетті жүгері жинау техникасымен қамтамасыз ету шараларына көмек көрсетілуі керек. Мұндай шараларды Алматы облысының Еңбекшіқазақ, Ұйғыр аудандарында да жүгері және соя алқаптарын қалпына келтіріп, еліміздің мал азықтық базасын нығайтылғаны абзал», - деді депутат Қ. Сұлтанов.

Соңғы жаңалықтар