18:33, 16 Қаңтар 2019 | GMT +5
Жаркентте балабақша өртенді
ЖАРКЕНТ. ҚазАқпарат - Алматы облысында тұрғын үйден ашылған балабақшадан өрт шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат Төтенше жағдайдар комитетіне сілтеме жасап.
«16 қаңтар күні 17:08-де өртке қарсы қызмет пультіне Алматы облысы Панфилов ауданы Жаркент қаласында жеке тұрғын үйден қайта жасақталған балабақшаның өртеніп жатқаны туралы хабар келіп түсті. Ғимараттың төбесі өртеніп, 40 шаршы метр аумақты от шарпыған», - деп хабарлады ҚР ІІМ Төтенше жағдайдар комитетінің ресми өкілі Нұрсұлтан Нұрахметов.
Өртті сөндіруге Алматы облысы ТЖ департаментінің жеке құрамынан 7 адам және 2 техника жіберілген. Тілсіз жау 17:55-те толық сөндірілді.
«Өрт сөндірушілер жалын құшағындағы балабақшадан 79 адамды эвакуациялады, оның 59-ы - бала. Оқиғадан ешкім зардап шеккен жоқ», - деді Н. Нұрахметов.