Жарқын болашаққа үміт: Сал ауруына шалдыққан балалар алғашқы қадамдарын басты - ФОТО
АСТАНА. ҚазАқпарат - Балалар церебральды сал ауруы - соңғы жылдары ең кең таралған аурулардың бірі болып отыр. Бұл ауру шала дамудың немесе онтогенезде мидың зақымдануынан пайда болады. Балалар церебральды сал ауруы әр түрлі қимыл-қозғалыс, психикалық және сөйлеудің бұзылыстарынан көрініс береді. Яғни, бұндай аурумен ауыратын балалардың сөйлеу, ойлау қабілеттері төмен болады. Балалар церебральды сал ауруы қалыпты дене жағдайын ұстай алуға қабілетсіздіктен және ерікті әрекеттерді орындай алмаудан да көрінеді. Қимыл-қозғалыс бұзылыстары (сал болуы, парез, координацияның бұзылуы) психиканың, сөйлеудің, көрудің, естудің, сезімталдықтың бұзылуына әкелуі мүмкін.
Бүгінгі таңда, ресми мәлімет бойынша, елімізде осындай диагноз 10 мыңнан астам балаға қойылған. Бұндай балалар жыл сайын кем дегенде 3-4 рет ем қабылдап отырулары тиіс.
Осындай дертке шалдыққан науқас балаларға қолдау көрсетіп, қол ұшын созу мақсатымен «Қасиетті жол» қайырымдылық қоры құрылған.
«Қасиетті жол» қоры ауыр науқасқа шалдыққан әлеуметтік жағдайы төмен отбасылардан шыққан балалар мен жетімдерге елімізде және шетелде қажетті емдік шараларын алуға қажетті қаражат жинап, көмек көрсетіп келеді. Бүгінгі таңда қайырымдылық қорының «Самұрық-Қазына» әл-ауқат қоры, «Нұр Отан» партиясы, Қазақ гуманитарлық заң университетімен бірлескен ауқымды жобалары бар. Солардың бірі «Самұрық-Қазына» әл-ауқат қорының қолдауымен Астанада Оңалту орталығы ашылды. Ал «Нұр Отан» партиясымен бірлесіп, «Дені сау ұрпақ - ұлт болашағы» жобасы аясында Қазақстанның барлық өңіріндегі балалар үйіне қажетті оңалту құрылғыларын орналастырды. Қоғамдық қордың директоры Гүлмира Әлімова мен оңалту орталығының меңгерушісі Айнұр Нұрқожаеваның бірлесіп жүргізген жұмыстарының арқасында қайырымдылық қоры 200-ден астам баланың жоғары дәрежедегі оңалту курсынан өтуге септігін тигізді.
«Балалар оңалту орталығында 21 күн ем қабылдайды. Қазірде елордадан 20 бала мен аймақтардан 5 бала келіп оңалту курсынан өтуде», - дейді Гүлмира Әлімова.
Орталықта невропатолог, емдік дене шынықтыру дәрігері, логопед, психолог, дефектолог, еңбек терапеві, т.б. мамандар қызмет жасайды. Сондай-ақ қайырымдылық қоры Астана қаласында ашылған Оңалту орталығына Дубайдан осы саланың ең мықты мамандарын шақырды. Негізгі мақсат - сал ауруына шалдыққан сәбилерге кәсіби ем-дом ұсынып, оңалту орталығы мамандарын оқыту.
Дубайлық дәрігерлердің көмегімен "Қасиетті жол" оңалту орталығының мамандары терра-костюмдермен жаттығу жасау амалдарының бүге-шүгесін толықтай меңгерді.
30 қазан күні аталмыш қор «Дені сау ұрпақ - ұлт болашағы» атты есеп концертін өткізді. Мерекеге ҚР Премьер-Минстрінің орынбасары Гүлшара Әбдіқалықова, «Самұрық-Қазына» АҚ басқарушы директоры Дархан Қалетаев, «Нұр Отан» партиясының өкілдері, т.б. қатысты.
Шара кезінде «Самұрық-Қазына» АҚ басқарушы директоры Дархан Қалетаев осы орталықта ем қабылдап, алғашқы қадамдарын жасай бастаған 5 жасар Бекарыс есімді баланың тұсауын кесті. Бұл қордың жеткізген жалғыз жетістігі емес. Қамқорлығына алған балалардың барлығында дерлік оң нәтижелер байқалуда. Орталықта 9 ай кешенді емдеу курсынан өткен 200 баланың 183-інің жағдайы жақсарған. Бұл - жақсы көрсеткіш.
«Қасиетті жолдың» шарапаты әлі талай бүлдіршіннің аяғынан тік тұрып кетуіне септігін тигізетіні анық.
Гүлден Оспанова