Жарлық дайын, шенеуніктер ше? - республикалық басылымдарға шолу
***
«Қазақстан Республикасының Президенті «Қазақстан Республикасының мемлекеттік бюджеті және Ұлттық банкінің сметасы (бюджеті) есебінен қамтылған органдардың штат санын оңтайландыру жөніндегі шаралар туралы» Жарлыққа қол қойды», деп жазады «Егемен Қазақстан» газеті. Аталған жарлықпен мемлекеттік бюджеттің және Ұлттық банк сметасының (бюджеті) қаржысы есебінен ұсталатын органдардың штаттық санын, құқық қорғаушы және сот органдарын қосқанда, 15 пайызға қысқарту қарастырылып отыр. Жарлықты жүзеге асырудың нәтижесінде жалпы республика бойынша аталған органдардың штаттық сандарының лимиті - 26 мың бірліктен астамға қысқартылады. Штаттық сандарды оңтайландырудың нәтижесінде 2011 жылы 18,6 миллиард теңге бюджет қаражаты үнемделмек, оның 14,3 миллиарды - республикалық бюджеттің, 4,3 миллиарды - жергілікті бюджеттердің қаражаттары.
Жасанды түсік жасауға заң жүзінде тиым салу керек! Осындай бастама көтеріп, шарана тағдырына жаны алаңдаған ҚР парламенті Мәжіліс депутаты Ирак Елекеев Үкімет басшысы Кәрім Мәсімовтың атына депутаттық сауал жолдаған болатын. «Егемен Қазақстан» газеті осы мәселе төңірегінде депутатты сөзге тартып, жасанды түсіктің зияны мен залалы туралы мамандармен пікірлескен. «Жыл сайын елімізде 300 мыңға жуық жасанды түсік жасалады екен. Бұл - жүз пайыз туу көрсеткішінің 80 пайызы деген сөз. Жан ауыртарлық жағдай емес пе бұл? Ащы да болса шындық: ұлт болашағы азғындап барады. Себебі баланы алдырту көп жағдайда жасөспірімдерге тән. Мектеп оқушысы - бала. Дегенмен, әсіресе, жоғары сынып оқушыларының бәрінің бірдей бойынан балалық байқалмайды: ерте есейіп кеткен. Мамандардың айтуынша, жасанды түсік жасатушылардың жас шамасы 14 жастан басталады, тіпті 12 жастағы оқушылардың да кездесетіндігін айтады. Ең басты өкініш, міне, осы», деп жазады басылым.
«Егемен Қазақстан» газетінің жазуынша, кеше Бас прокурор Қайрат Мәмидің төрағалық етуімен құқық қорғау органдары Үйлестіру кеңесінің кезекті отырысы болды. Отырыста сыбайлас жемқорлық қылмыстарына қарсы күрес, Сыбайлас жемқорлық үшін жауапкершілік туралы Еуропа кеңесінің тұжырымдамасына Қазақстанның қосылуы, қызметкерлердің біліктілігін арттыру және құқық қорғау қызметін ғылыми жағынан қамтамасыз ету, браконьерлікке қарсы күрес мәселелері қаралды. Үйлестіру кеңесі талқылау нәтижелері бойынша қоршаған ортаны қорғау және төтенше жағдайлар жөніндегі министрліктер қызметіндегі сыбайлас жемқорлық фактілерінің алдын алуға және олардың жолын кесуге бағытталған қосымша тиімді шаралар қабылдау қажеттігі туралы шешім қабылдады.
***
«Қызылорда қаласының қасында Тасбөгет атты кент бар. Облыс орталығынан таяқ тастам жерде орын тепкен. Кезінде Сырдария ауданының орталығы болды. Кейіннен бұл мәртебесінен ажырап, қаланың құрамына енгізілді. Қалада болғанмен, онда шешілмеген түйткіл бастан асады. Тіпті тұрғындар жұртта қалғандай күй кешеді», деп жазады «Алаш айнасы» газеті. Басылымның жұма күнгі нөмірінде мәселесі көтеріліп отырған ауылдың бүгінгі хал-ахулынан егжей-тегжейлі хабардар болғыңыз келсе, «Тасбөгет көзден неге таса қалды?» деген мақалаға назар салыңыз.
Жазғы Азия ойындарының басталуына екі айдан аз уақыт қалды. Қарашаның 21-і мен 27-сі аралығында Қытайда өтетін Жазғы Азия ойындарында жеңіл атлеттеріміз де бар өнерлерін көрсетпек. Вячеслав Сокирко бастаған ұлттық құрамамыз Ұлы жібек елінен 13 медаль алып қайтуды көздеп отыр. Осыған байланысты Қазақстан жеңіл атлетика федерациясы Гуаньжоуға аттанатын атлеттердің есімдерін жариялады. Бұл жайында «Алаш айнасы» газетіндегі «13 жүлде үшін 23 атлет жорыққа аттанбақ» деген мақаладан мол мағлұмат ала аласыздар. «Негізі, мұның алдында жеңіл атлетикадан ұлттық құрамамыздың бас бапкері Вячеслав Сокирко Жазғы Азиадаға қатысу үшін Қазақстанға 20 лицензия берілгенін, яғни Қытайға 20 атлет баратынын айтқан болатын. Алайда бұлардың қатары тағы үшеуге көбейіп, Азиадаға барлығы 23 жеңіл атлетіміз қатысатын болыпты», деп жазады басылым.
Осы басылымның «Дат!» айдарында Туберкулез мәселелері ұлттық орталығының директоры, медицина ғылымының докторы Тілеухан Әбілдаевпен арадағы сұхбат «Өкпе құрт ауруын емдеу саласында білікті мамандар жетіспейді», деген тақырыппен берілген. Басылым тілшісінің барлық сауалдарына тұщымды жауап берген ол: «туберкулезді әлеуметтік қолдауға көп назар аударуымыз керек. себебі құрт ауруына шалдыққандардың басым көбі жұпыны жанұялардан шыққан. Оларды біз ауруханада қанша емдеп шыққанымызбен, бәрібір олар отбасына барғаннан кейін, дұрыс тамақтанбай, өзін-өзі дұрыс күтпей, қайтадан ауруын асқындырып алу қаупі бар. Сондықтан туберкулезге шалдыққандардың отбасына әлеуметтік қолдау көрсетіп, жұмыс тауып беруді немесе азық-түлікпен қамтамасыз етуді жолға қоюымыз керек», дейді.
***
Петропавл қаласының атауын өзгерту бастамасы бірінші рет көтеріліп жатқан жоқ. Мәжіліс қабырғасында көтерілген кезекті бастаманы депутат Жарасбай Сүлейменов жариялағалы бері кейбір жергілікті орыстілді сайттар ақпараттық соғысты қолдан тұтандырып, тіпті, белгілі бір деңгейде арандату әрекетіне барудан да тайсалмайтын сияқты. Осыған орай «Айқын» газетінің бүгінгі нөмірінде «Халықтың қалауы - Қызылжар» деген тақырыппен мақала жарияланды. «Атын атап, түсін түстеп, кішігірім сайттарға жарнама жасағымыз келмейді, бірақ "Петропавл атауын сақтап қалайық!" деп ұрандатқан сайттар мен форумдар бүгінде бармақтарын тістеп қалып отыр. Себебі қай форум болмасын, қазір "Қызылжар атауын қолдаймыз!" деп, дауыс берген азаматтардың дауысы да басым, ұпайы да бүтін. Бұл арада, әсіресе қазақ жастары, оның ішінде студенттер мен оқушылар, блогшылар мен журналистер қауымы ауызбіршілік танытып, айтулы сайттарда Қызылжар атауын барынша қолдап келеді. Ең қызығы, өздері дауыс беруді ұсынған кейбір сайттар "Қызылжар атауын қолдаймын" деген дауысты қабылдамайтын боп қалыпты», деп жазады басылым.
«Айқын» газетінің жазуынша, бір өзі Ресейдің бес бірдей губерниясымен шектесетін Батыс Қазақстан облысының орталығы - Орал қаласында соңғы жылдары қазақ балабақшасына немесе мемлекеттік тілде білім беретін мектепке баратын ұлты өзге балдырғандар қатары көбейе түсуде. Сондай-ақ, өкінішке қарай, өз перзенттерін өзге тілді мектепке сүйрейтін бауырларымыз да әлі күнге баршылық көрінеді. Мәселен, Орал қаласында ағымдағы оқу жылында мектеп табалдырығын аттаған 3670 балдырғанның 2385-і - ұлты қазақ өрендер. Солардың 383-і орыс мектебіне барса, өзге ұлт-ұлыстың 27 бүлдіршіні қазақ мектебін қалаған. Мақаланың мән-жайына «Оралдағы орыстар балаларын қазақ мектебіне беріп жатыр» деген тақырыппен берілген матриалдан қаныға аласыздар.
Осы басылымның дәстүрлі «Ақ сөйле!» айдарының бүгінгі қонағы - ҚР Парламенті Сенатының депутаты Болат Жылқышиевпен арадағы сұхбат «Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалығы - еліміздің деңгейін де, абыройын да көтереді» деген тақырыппен берілген. Екеуара әңгіменің байыбына барғыңыз келсе, басылымның жұма күнгі нөмірін жіберіп алмаңыз.
***
«Кеше Астана қаласы бас жоспарының ғылыми-зерттеу және жобалық институтында ҚР Премьер-Министрі Кәрім Мәсімовтің төрағалығымен елордадағы жаңа орталықтың құрылысын бақылау жөніндегі мемлекеттік комиссияның көшпелі отырысы өтті», деп жазады «Казахстанская правда» газеті. Басылымның атап өтуінше алқалы жиын барысында Астана қаласы және қала маңындағы аумақтағы үлескерлердің қатысуымен тұрғын үй құрылысының барысы, сонымен қатар, бекітілген бас жоспар аясындағы 2011-2013 жылдардағы мемлекеттік нысандардың құрылысы бойынша бірінші кезекті инвестициялық жобалардың салыну мәселелері қаралды.