Жәрмеңке: Қарағанды мен Қостанай облыстары елордаға қандай өнімдер әкелді
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елордада «Хан Шатыр» СОСО қасында Қарағанды мен Қостанай облыстарының ауылшаруашылық жәрмеңкесі өтіп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Демалыс күндері Қарағандының 170 кәсіпорны мен қостанайлық 50 кәсіпорын астаналықтарға ауылшаруашылық өнімдерін ұсынбақ.
«Қарағанды облысынан шамамен 600 тонна өнім жеткізілді, оның ішінде 100 тонна ет, 350 тонна картоп, 100 тонна көкөністер бар. Олардың жалпы құны шамамен 700 млн теңге болады. Баға нарықпен салыстырғанда төмен. Мысалы, жәрмеңкеде сиыр етінің келісін 1700 теңгеге, жылқы етін – 1900 теңгеге алуға болады. Картоп пен өзге көкөністердің бағасы – 75 теңге», - деді Қарағанды облысы Ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Асқар Санаубаров.



Оның айтуынша, биыл Қарағанды облысы өткен жылмен салыстырғанда 100 тонна көбірек тауар әкеп отыр. Әсіресе, қой, сиыр, жылқы, шошқа еттері ауқымды көлемде жеткізіліп отыр.
«Бүгін облыстың 9 ауданы өз өнімдерін ұсынып отыр. Біздегі әр аудан арнайы бір салаға бейімделеді. Мысалы, Ақтоғай, Шет, Жаңаарқа, Ұлытау аудандары мал шаруашылығыммен айналысса, егіншілікпен айналысатын – Абай, Осакаров, Нұра аудандары бар», - дейді А. Санаубаров.



Өз кезегінде Қостанай облысы елордаға 380 тонна өнім әкелді. Оған облыстың 14 ауданы мен 3 қаласы, жалпы алғанда 50 кәсіпорын атсалысып отыр.
«Біздің облыстан 50 тонна ет, 50 тонна ұн, 60 тонна көкністер мен картоп жеткізілді. Сонымен бірге, сүт өнімдері мен кондитерлік тағамдар кеңінен ұсынылып отыр. Жәрмеңкеге облысқа ғана емес, бүкіл республика танымал фирмаларымыз қатысуда, олардың арасында «Баян-Сұлу», «Терра» ЖШС, сүт өндірушілері – «ДЕП», «Милх», «Лидер-2010», «Қаржау» ШҚ бар. Елордада екі күн бойы тауар сатамыз», - деді Қостанай облысы Ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының міндетін атқарушы Тимур Бисембаев.



Айта кетейік, өңірлер жәрмеңкесі сенбі-жексенбі күндері өтеді. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұнда барлық санитарлық-эпидемиологиялық талаптар сақталады. Сатушылар санитарлық кітапшамен, маска, қолғап және антисептиктермен қамтамасыз етілген. Тұрғындар міндетті түрде маска тағып келуі тиіс.













