Жәрмеңкеге шығарылған өнім қалалықтардың бір күндік азығы - И.Тасмағамбетов

АСТАНА. ҚазАқпарат - Астана тұрғындары күніне 1800 тонна азық-түлік тұтынады. Бұл туралы бүгін елорданың орталық алаңында өтіп жатқан Павлодар мен Жамбыл облысы ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесін аралап шыққан Астана қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетов айтты.

Жәрмеңкеге шығарылған өнім қалалықтардың бір күндік азығы - И.Тасмағамбетов

«Астанада күзде дәстүрлі түрде өтетін жәрмеңке өз жалғасын табуда. Өздеріңіз де білетіндей, өткен сенбіде Алматы облысы әдемі жәрмеңкесін өткізген болатын. Енді міне, еліміздің 2 үлкен аймағы Павлодар мен Жамбыл облысы өздерінің жәрмеңкесін өткізуде.

Жаңбыр жауып тұрса да халықтың саны өте көп екенін өздеріңізде байқадыңыздар. Өйткені, қала тұрғындары әрбір сенбі күні еліміздің түрлі өңірлері осындай жақсы жәрмеңке өткізетіндігіне үйренген», - деді И.Тасмағамбетов. Қала басшысының сөзіне қарағанда, жәрмеңкеде саудаланып жатқан азық-түлік өнімдерінің бағасы елорда базарларынан орта есеппен алғанда 20 пайызға төмен. Ал екі облыстың алып келген азық-түлігінің көлемі 1200 тоннаны құрайды. «Айта кетейін, жалпы, астаналықтар күніне 1800 тонна азық-түлік тұтынады. Яғни, жәрмеңкеге шығарылған өнімді қалалықтардың бір күндік азығы десек те болады», - деді ол.

Айта кетейік, жермеңкені Астана әкімімен бірге Ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Мамытбеков, Павлодар облысының әкімі Қанат Бозымбаев аралап шықты.