Жартастан түсе алмай қалған балаға құтқарушылар шақырылды - ШҚО

None
None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысы Глубокое ауданында жартастан түсе алмай қалған бала құтқарылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ШҚО Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, Глубокое кентіндегі Алтынсарин көшесі маңындағы жартастардың арасында 12 жастағы бала жалғыз ойнап жүрген. Кенет ол өздігінен не биікке шыға алмай, не төменге түсуге батылы жетпей, сол маңайдан өтіп бара жатқан адамдардан көмек сұрап айғайлаған.

«Куәгерлер бірден құтқарушыларды шақырған. №23 өрт сөндіру бөлімінің қызметкерлері арқанның көмегімен баланы алып шықты. Ол ешқандай жарақат алмаған», - деп хабарлады ведомство өкілдері.

Осы ретте, ТЖД мамандары ата-аналарға балаларды жалғыз қалдырмауға, оларға даладағы қауіп-қатер жайлы түсіндіруге кеңес береді. Қандай да бір қиындық туындап жатса жедел «112» нөміріне хабарласу қажет.


Соңғы жаңалықтар