Жарты ғасырдан астам уақыт бойы бір ұжымда еңбек ету — зор бақыт — дәрігер
ОРАЛ. KAZINFORM — Батыс Қазақстан облысында денсаулық сақтау саласында есімі құрметпен аталатын дәрігерлер аз емес. Соның бірі – Қазақстан денсаулық сақтау ісінің үздігі, «Жайық Дент» стоматология орталығы» ЖШС директоры Меруерт Мусина Халықаралық әйелдер күніне орай Kazinform тілшісінің сауалдарына жауап берді.

—Меруерт Мұқанқызы, дәрігер болуды кішкентайыңыздан армандадыңыз ба, денсаулық сақтау саласына қалай келдіңіз?
—Иә, дәрігер боламын деп мен мектепте оқып жүргенде-ақ армандап едім. Ол кезде біз Ресейдің Самара облысында тұрдық. Ата-анам сол балауса арманымды қолдап, маған сенгендері де болар, мектепті тәмамдағаннан кейін Алматыға жіберді. 1970 жылы Алматы мемлекеттік медициналық институтының (қазіргі С. Ж. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университеті) стоматология факультетін бітіргеннен кейін Орал қаласында жұмысқа кірістім. Сол кезден бері Жайық өңірінде стоматология саласында еңбек етіп келемін. Биыл 54 жыл толмақшы. Бастапқыда Орал облыстық стоматология емханасы ретінде ашылса, кейін «Жайық Дент» стоматология орталығы болып өзгерді. Бір орында табан аудармай қызмет етіп, басшылыққа дейін көтерілдім. Қазір ұжымымызда 100-ден астам қызметкер бар. Осының өзі — бір бақыт деп ойлаймын.
Оған қоса жиырма жылға жуық уақыт бойы облыстық денсаулық сақтау басқармасының штаттан тыс бас маманы қызметін де атқардым.
— Өз өмір және еңбек жолыңызда ұстаздарыңыз болған шығар?
— Әрине! Институтта оқып жүргенде дәріс берген ұстаздарымды еш ұмытқан емеспін. Дүниеден озғандарын құрмет тұтамын, көзі тірілерімен әрдайым байланыс ұстаймын. Сонымен қатар стоматология емханасында бастапқы кезде өзімнен жасы үлкен әріптестерімді ұстаз деп таныдым. Олардан үйренгенім көп. Бәрі есімде. Егер өмірде қандай да бір биіктерге жетіп, асулардан өтсем, ата-анамның, ұстаздарымның арқасы деп білемін.

— Ұзақ жылдар бойы ұжым басқару оңай емес, осы орайда тәжірибелі басшы ретінде әріптестеріңіз жөнінде не айтар едіңіз?
— Ұжым басқару үлкен еңбекті, біліктілікті қажет етеді. Ұжымымды мен әрдайым өзімнің сүйенішім, тірегім деп бағалаймын. Мақтанышым десем де, артық айтқандық емес. Қазіргі кезеңде өте білімді, тәжірибелі қызметкерлеріміз келген пациенттерге немқұрайлы қарамай, денсаулықтарын сақтауы үшін сапалы қызмет етіп келеді.
— Адам жанының арашашысы болу оңай емес. Дәрігерлер өз міндетін адал атқару үшін не қажет деп ойлайсыз?
— Әр дәрігер, әрбір медицина қызметкерінің басты міндеті — алдына келген адамға көмек көрсету, Гиппократ антына адал болу. Оған қоса жаратушы Алламыз берген денсаулықты сақтау жолдарын қарапайым халыққа жеткізе білуіміз керек. Осыны мен өзім медицина қызметкерлерінің ең басты, манызды міндеті, миссиясы деп түсінемін.

— Әр адам үшін тісті күтіп ұстау аса маңызды. Бұл турасында қандай кеңес берер едіңіз?
— Тістің бүтіндігін сақтау үшін дәрігерлерге жылына екі рет қаралу керек. Тістің ауруын асқындырмай, дер кезінде емдеткен маңызды.
Сондай-ақ ауыз қуысының гигиенасын сақтау қажет. Мұны да халыққа түсіндіргеннің еш артықтығы жоқ. Себебі тек ауыз қуысының гигиенасын сақтау арқылы тісті бүтін ұстауға болады.
Жалпы, ауыз қуысының саулығы адамның жалпы денсаулығына әсер етеді. Егер әр адам өз денсаулығына көңіл бөлсе, өмір сүру жағдайы да жақсарар еді.

— Соңғы сауал, өз отбасыңызда жолыңызды қуғандар бар ма?
— Отбасым туралы айтсам, қызым Ләззат экономист, біздің мекемеде атқарушы директор болып қызмет етеді. Ұлым Амантай — өзімнің әріптесім. Астана қаласында жұмыс істейді. Аллаға шүкір, немерелерім бар. Қысқаша айтқанда, осы.
Сөз соңында барша нәзік жанды замандастарымды, апа-сіңлілерімді төл мейрамдарымен құттықтап, бақытты болуларына тілектестігімді білдіремін. Алда келе жатқан қасиетті ораза айында тілеген дұға-тілектеріміз қабыл болсын!
— Әңгімеңізге рахмет. Мерекеңіз құтты болсын!
Айта кетейік, Меруерт Мусина 1985 жылы «КСРО денсаулық сақтау ісінің үздігі» атанса, 1998 жылы «Қазақстан Республикасы денсаулық сақтау ісінің үздігіне», 2012 жылы «Денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін» төсбелгісімен марапатталған. «Қазақстан Тәуелсіздігіне 30 жыл», «Еңбек ардагері» медалінің иегері. Бүкіләлемдік стоматологтар қауымдастығымен есімі «Қазақстан стоматологиясы алтын қорына» енгізілген.