Жарты ғасырдан бері жұмыс істеп тұрған жылу желілері ауыстырылды

АСТАНА. KAZINFORM – Еліміздің бірнеше қаласында ескі жылу магистральдары жаңартылды. Бұл туралы Үкімет отырысында Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов айтты.

35 лет без капремонта: теплосеть с износом 85% реконструируют в Таразе
Фото: сгенерировано ИИ

- Жазғы кезеңде «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасын іске асыру аясында барлық өңірде жылу желілерін реконструкциялау бойынша ауқымды жұмыстар жүргізілді. Атап айтқанда, Степногорск қаласында 53 жыл бойы қолданыста болған ұзындығы 9,5 шақырым жылу желісі реконструкцияланды. Сондай-ақ Талдықорған қаласында бірінші кезең аясында 46 жыл бойы қолданыста болған ұзындығы 3,5 шақырым қаланың негізгі жылу магистралі жаңартылды, - деді ол.

Министр дерегінше, Петропавл қаласында 1980 жылдан бері қолданыста болған жалпы ұзындығы 4,3 шақырым жылу магистральдарының екі учаскесі реконструкцияланды. Сонымен қатар Қарағанды қаласында тозу деңгейі 81% құрайтын, диаметрі 1020 мм жылу магистралін реконструкциялау жұмыстары аяқталды.

- Аталған жобалардың барлығында отандық өндірістен шыққан заманауи энергия тиімділігі жоғары алдын-ала оқшауланған құбырлар қолданылды. Бұл халықты жылумен жабдықтау сенімділігін арттыруға және салынып жатқан нысандарды қосу үшін қажетті резервті қамтамасыз етуге мүмкіндік берді, - деді Ерлан Ақкенженов.

Оның атап өтуінше, осындай жұмыстар өңірлік электр желілерін реконструкциялау бағытында да жүргізілді.

- Биыл Астана қаласында ұзындығы 14 шақырым тарату электр желілері реконструкцияланды. Аталған желілерге 30 мыңнан астам абонент қосылған. Сонымен қатар, Қарағанды облысында екі ауқымды жоба іске асырылды. Атап айтқанда, «Жосалы» қосалқы станциясын реконструкциялау аясында сыртқы қондырғының жиынтық тарату құрылғысы ауыстырылды. Нәтижесінде тұтынушыларды электр энергиясымен қамтамасыз етудің резервтік схемасы жасақталды, - деді ол.

Ерлан Ақкенженовтің мәліметінше, ағымдағы жылыту маусымының тұрақты өтуін қамтамасыз ету мақсатында министрлік мынадай іс-шаралардың орындалуын ұйымдастырды:

- электр станцияларындағы жөндеу жұмыстарын аяқтау;

- энергетикалық ұйымдарда материалдар мен жабдықтардың авариялық қорын қалыптастыру, сондай-ақ авариялық бригадалардың толық жасақталуын қамтамасыз ету;

- энергия көздерінде отынның нормативтік қорының тұрақты деңгейін сақтау.

Айта кетейік, Ерлан Ақкенженов әкімдерге өңірлерде көмірге қатысты жасанды дүрбелең тудырмауды ескертті.