Жарты жылда 670 мыңға жуық өзбекстандық демалысын Қазақстанда өткізген
ТАШКЕНТ. KAZINFORM – Биыл алты айда 3,5 миллион Өзбекстан азаматы демалысын шетелде өткізген, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Ташкенттегі меншікті тілшісі.
Өзбекстан Ұлттық статистика комитетінің мәліметінше, саяхатшылардың көбі Қырғызстан (1,5 млн адам), Қазақстан (667,5 мың адам) және Тәжікстанға (619,5 мың адам) барған.
Сондай-ақ Ресей (183 мың адам), Сауд Арабиясы (153 мың адам) және Түркияға (127 мың адам) сапарлаған азаматтар да аз емес.
Еске салайық, биыл бес ай ішінде 1,2 миллионнан астам қазақстандық Өзбекстанға саяхаттап барған.
Қоса кетсек, Өзбекстан Мемлекеттік кеден комитетінің Стратегиялық жоспарлау және кедендік рәсімдерді оңтайландыру басқармасының бастығы Фарход Олимжонов Kazinform агенттігіне берген сұхбатында саяхатшылар қаперде ұстауы тиіс ережелерді айтқан еді.