Жарты жылда халықаралық ақша аударымдары жүйесі арқылы 383,8 млрд теңге шетелге аударылған
АСТАНА. KAZINFORM – 2024 жылдың І жартыжылдығында халықаралық ақша аударымдары жүйесі (бұдан әрі – ХААЖ) арқылы жүргізілген аударымдардың жиынтық мөлшері 2023 жылдың осы кезеңіндегі көрсеткішпен салыстырғанда 19%-ға төмендеп, 515,3 млрд теңге болды. Бұл туралы Ұлттық банктің баспасөз қызметі хабарлады.
ХААЖ арқылы жүргізілген аударымдардың дені (94%) – жеке тұлғалар арасындағы өтеусіз аударымдар. Бұл осы жүйелердің жеке аударымдар үшін ыңғайлы болуында, себебі мұнда банктік шоттарды ашу қажет емес.
– ХААЖ арқылы жүргізілген аударымдардың негізгі бөлігі (98%) Қазақстан мен басқа елдер арасындағы трансшекаралық аударымдарды білдіреді. Оның 75%-ы шетелге жіберілді. Ол 2024 жылдың І жартыжылдығында 383,8 млрд теңгені құрайды. Бұл аударымдардың шамамен 87%-ы «Золотая Корона» жүйесі арқылы жүзеге асырылады. Қазақстаннан шетелге жүргізілген бір аударымның орташа сомасы 330,1 мың теңге болады. Негізгі алушы елдер: Ресей (31,2%), Өзбекстан (26,8%), Түркия (20,9%), Грузия (7,7%) және Қырғызстан (3,6%), - делінген хабарламада.


Шетелден алынған аударымдар жалпы көлемнің 23%-ын құрады. Бұл 120,4 млрд теңгеге тең. Бұл аударымдардың едәуір бөлігі «Золотая Корона» және «Вестерн Юнион» төлем жүйелеріне тиесілі. Шетелден Қазақстанға жүргізілген бір аударымның орташа сомасы 279,3 мың теңге болады. Негізгі жөнелтуші елдер – Ресей (28,3%), АҚШ (12,4%), Оңтүстік Корея (11,2%), Өзбекстан (9,7%) және Түркия (7,4%).

