Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Жарты жылда Өзбекстанда 2,7 тонна есірткі тәркіленді

ТАШКЕНТ. KAZINFORM — Биыл қаңтар-маусым айлары аралығында Өзбекстанда заңсыз есірткі айналымына қатысты 8 653 қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Ташкенттегі меншікті тілшісі. 

Жарты жылда Өзбекстанда 2,7 тонна есірткі тәркіленді
Фото: Freepik

Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, жарты жыл ішінде құқық қорғау органдары қылмыстық топтар мен жекелеген тұлғалардан 2 тонна 733 келі есірткі тәркіледі. Сондай-ақ, 2 млн 651 мың дана күшті әсер ететін дәрілік препарат заңсыз айналымнан алынды.

Еске салсақ, таяуда Ауғанстаннан Өзбекстанға дронмен есірткі өткізбек болғандардың әрекеті әшкереленді.

Сонымен қатар биыл екі айда Өзбекстанда 8 есірткі зертханасы анықталды.

Былтыр өзбекстандық кеденшілер 2,8 тоннадан астам есірткі мен психотроптық заттарды тәркіледі.

Мұнымен бірге кейінгі бес жылда Өзбекстанда тәркіленген синтетикалық есірткі көлемі 80 есе өскен.

Бұған дейін жазғанымыздай, Орталық Азия елдері арқылы жылына 90 тоннаға жуық героин өтеді.